$ 494.87  520.65  4.91

Атырауда ажырасқан еркек үйін бөліскісі келмей, трактормен күреп тастады

Нәтижесінде бұрынғы әйелі екі баласымен далада қалған.
Фото: ашық дереккөз
Фото: ашық дереккөз

Атырауда баспанасын бөліскісі келмеген күйеуі өз үйін трактормен күреп тастады. Сегіз жыл отасқан ерлі-зайыптылар дәм-тұзы жараспай ажырасқан. Сот мүліктерін теңдей бөліп беріпті, деп хабарлайды КТК арнасы. 

Бірақ бұл шешімге құлақ аспаған әке балаларын қаңғытып жіберіп, үйін өз қолымен қиратып тастады. Қазір қастық қылған әкенің әрекетін полиция тергеп жатыр. 

Атыраулық Айнұр Қанатова балаларымен туыстарының үйін паналап жүр. Өткен жылы жолдасымен заң жүзінде ажырасып, сот мүліктерін теңдей бөліп берген. Бірақ күйеуі соттың шешіміне қарамай, балаларына да қимай, жылдар бойы  қабырғасын бірге қалаған баспанасын трактормен күреп тастапты. Іргетасы қаланғанына он жыл да болмаған үлкен үйдің қазір тас-талқаны шыққан. Тіпті ауладағы шағын үй мен гаражды да қиратып тастаған. 

Өкініштен өксіп жылаған келіншек бұл жағдай өткен жылы болғанын, бұзып бастағанда полицияға да хабарлағанын айтады. Күйеуі соттың шешімі шығысымен үйді бұзуға  жұмысшылар жалдаған. Сүріп тастамас бұрын үйдің шатыры мен есік-терезесін шешіп алыпты. 

"Үйді бұзып жатқанымызға төрт күн болды дейді. Масқара ғой. 14-і күні соттың шешімі шығады. Сот шешіміне де, ешнәрсеге қарамайды. Бұл не қылған бассыздық! Атырауда, Атырау облысында заң бар ма? Кішкентай балаларыммен туысқандарымның үйін паналап жүргеніме жыл жарым болды", – дейді Айнұр Қанатова.

38 жастағы келіншектің айтуынша, осыдан сегіз жыл бұрын бір баласымен өзінен 18 жас үлкен азаматқа тұрмысқа шыққан. Ол күйеуінен қазір екі ұлы бар. Отбасылық айқай-шу үлкен ұлын жақтырмаудан басталыпты. Ата-анасы тірі кезде ұлы солардың қолында болған. Кейін анасы қайтыс болып, өз қолына алған. Күйеуі ұлын бауырына баспақ түгілі, боқтап-балағаттап, қысым көрсетіпті. Тіпті бұрын полицияда қызмет атқарған қайын інісі өзіне күш көрсеткенде үйден кетуге мәжбүр болған. 

"Қорыққаннан мәжбүр болдым. Кеттім үш баламен. Шарбаққа қайным келді. Бұрын ішкі істер қызметкері болған. Полицияда істеген. Шарбақтың ішінде мені жерге құлатып, кеудемнен тізесімен басып алды. Үлкен ұлымның телефонын тартып алған. Себебі телефонда баламды балағаттаған, ауыр сөздер айтқан жазбалар бар еді. Соны құрту керек болды", – дейді келіншек. 

Үйін күреп тастаған азаматты да тыңдап көрмекші болып хабарласқан едік, алайда ол жауап беруден бас  тартты. Ал оның бұл  әрекетін қазір тәртіп сақшылары тексеріп жатыр. 

"ҚР ҚК 389-бабының 1-бөлігімен өзінше билік фактісімен сотқа дейін тергеп-тексеру жүргізілуде.  Тергеп-тексеру 2022 жылдың 19 сәуірінде басталды. Қазір қылмыстық іс тергеу сатысында", – дейді Атырау облысы ПД анықтау басқармасының аға анықтаушысы Елдос Тұқпатов.

Қазір Айнұр екі ұлымен аулаға да кіре алмайды.  Қираған шаңырақтарын қақпаның сыртынан қарап жүр. Ол құзырлы органдар әділ тергеу жүргізіп, ана мен бала құқығын қорғаса екен дейді.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары