Алматы және Жамбыл облысы бойынша монополияға қарсы департаменттер «Қазфосфат» ЖШС-іне қатысты тергеуді аяқтады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Еске сала кетейік, сәуір айында Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі «Самұрық-Қазына» экс-басшысы Ахметжан Есімовтың күйеу баласы Ғалымжан Есеновқа тиесілі «Қазфосфат» компаниясына қатысты тергеу басталғанын хабарлаған болатын. 2021 жылғы қарашада компания аммофос бағасын 125 мың теңгеден 168 750 теңгеге дейін көтерді – жылдың басымен салыстырғанда бағаның өсуі 35%-ды құрады. 2022 жылғы қаңтарда баға 2021 жылғы қаңтармен салыстырғанда 48,5%-ға ұлғайып, 185 625 теңгені құрады.
Тергеу нәтижелері бойынша «Қазфосфат» ЖШС-іне қатысты материалдар сотқа дейінгі тергеу жүргізу үшін Қаржы мониторингі агенттігінің Алматы экономикалық тергеу департаментіне берілді. Материалдарды қайтарған жағдайда нұсқама енгізе отырып, әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғалады.
Сонымен қатар, «Қазфосфат» бағаны тоннасына 173 мың теңгеге дейін төмендетуге мәжбүр болды. Компания ескі және жаңа баға арасындағы айырмашылықты клиенттерге аммофостың қосымша көлемі түрінде қайтаруды бастады. Айырмашылықтың қорытынды сомасы 2,8 млрд теңгені құрады.
2021 жылдың соңында «Қазфосфат» Forbes Kazakhstan тізімінде 154,86 млрд теңге түсіммен 50 ірі жекеменшік компания арасында 14-орыннан көрінді. Есенов компанияны Есімовтің қызына үйленген жылы $120 млн-ға сатып алған.
«Қазфосфат» ЖШС құрылтайшылары – Нидерландыда тіркелген Kazakhmys Resources B.V. компаниясы, сондай-ақ Мәжілістің экс-төрағасы Нұрлан Нығматулиннің ұлдары – Нұрхан және Нұржан Нұрлановтар. Компанияның бас директоры – Нұрхан Нұрланов.