Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Оқу-ағарту министрлігі мен Ғылым және жоғары білім министрлігін құру туралы шешіміне қатысты Асхат Аймағамбетов өзінің Facebook-тегі парақшасында пікір білдірді, деп хабарлады Ulysmedia.kz.
«Бұл шешім білім және ғылым жүйесін одан әрі дамыту үшін өте маңызды. Сонымен қатар Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың саланы дамыту бойынша алға қойған нақты міндеттерді тиімді орындауға мүмкіндік береді», – деп жазды министр.
Ол сондай-ақ мектепке дейінгі, орта, қосымша, техникалық және кәсіптік білім беру саласындағы міндеттер мен сын-тегеуріндер ауқымы артып келе жатқанын айтты.
«Жоғары білім мен ғылым саласына тоқтала кетсек, қазірдің өзінде қол жеткізілген нәтижелер кадрлар даярлау және ғылыми өндірісті дамыту үшін жаңа, үлкен мақсат-міндеттер қоюға септігін тигізеді. Сонымен қатар, бұл реформа осы бағыттардың дамуына тың серпін береді. Сондай-ақ жоғары көрсеткіштер екі министрліктің тығыз ынтымақтастығына байланысты болады», – деді ол.
Асхат Аймағамбетов үш жылдың ішінде Білім және ғылым министрлігі ұжымының білім саласын да, ғылым саласын да жетілдіру мақсатында атқарған жұмысы аз емес екенін атап өтті. Барлық заң мен оң өзгеріс білім мен ғылым саласындағы ғалымдардың, педагогтердің, басқа да қызметкерлердің мәртебесін көтеруге ерекше көңіл бөліп отырған Президенттің жеке қолдауының арқасында қабылданғанын айтты.
«Үш жыл бойы Білім және ғылым министрі ретінде атқарылған жұмыстар туралы есеп берген жөн деп санаймын. Нақтырақ айтқанда, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жою, ашықтық пен транспаренттілікті қамтамасыз ету, білім сапасы мен ғылымның әлеуетін арттыру бағытында қандай шешімдер қабылданды, қандай деректер негізінде жүргізілді және жалпы қандай жұмыстар атқарылғаны туралы есеп берген маңызды», – деп жазды ол.
Сондай-ақ, сенім білдіргені үшін Мемлекет басшысына және білім және ғылым саласының қызметкерлеріне, министрліктің, ведомстволық бағыныстағы ұйымдардың және ғылыми ұйымдардың қызметкерлеріне, ЖОО-ның профессорлық-оқытушылық құрамдарына, облыстардың департаменттеріне, білім басқармаларына, ел педагогтеріне алғыс айтты.