Ақтөбеде бұралқы иттер көп жүретін ауданның тұрғындары "Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы" заңға өзгеріс енгізуді талап етті, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Алтынгүл Жарылғапова баласы қаңғыған иттен зардап шеккен аналардың бірі. Бір ай бұрын 13 жастағы қызын бірнеше ит талап, ол ұзақ уақыт ем алған. Баласын жақында ғана ауруханадан шығарып алған ана бүгін мектепке келіп, қызының жыртылған киімдері мен жұлынған шашын көрсетіп, шара қолдануды сұрады.
"Міне, қызымның сол күні киген шалбарынан қалғаны осы. Аямай талап тастаған. Үстіндегі кофтасы қаннан көрінбейді. Шашын құйқасымен бірге жұлып алды. Басын бірнеше жерден тікті. Баламыз осындай зәбір көретіндей үкіметке біз не істедік? Қызым қазір үйден шығуға қорқады. "Есікті құлыптап кет", - деп жылайды. Менің қызымды ит талаған кезде бірден шара қолданса, бұлай болмас еді. Кеше ғана жануар тістеп өлтірді делінген баламен бір мектепке барамыз. Ауданымыз қаңғыған иттердің астанасы сияқты. Айналада қаптап жүр. Адамға шауып, бала жеген итті неге аяймыз? Жан-жағымызда адам жейтін иттер толып жүрсе, біз қалай тыныш отырамыз?", - дейді Алтынгүл Жарылғапова.
Тағы бір ата-ана балаларының еркін жүргенін қалайтынын сондықтан заңға өзгеріс қажеттігін айтады.
"Жалғызбасты анамын, таңнан кешке дейін баламды мектепке, түрлі үйірмеге таси алмаймын. Балаларымды асырау үшін жұмыс істеуім керек. Олардың еркін жүргенін қалаймын. Қазір үйден шығара алмай отырмын. Иттен қорқамыз. Кеше облыс әкімінің орынбасары Жақсығали Иманқұловпен бірге "Есет батыр" тұрғын үй алабын жаяу аралап шықтық. Адамға шабатын ит көп. Жүзге жуық ит ауланды. Еріктілерге айтарым бар. Жандарың ашыса ақша жинап, итті арнайы панада бағыңдар", - дейді "Есет батыр" ауылының тұрғыны Индира Асылбекқызы.
Облыс әкімдігінің мәліметінше, 2022 жылғы облыстық бюджеттен қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулап, жою үшін 51 825 000 мың теңге қаржы қарастырылған. Жыл басынан бері төрт мыңға жуық ит ауланған. Қайғылы оқиғадан кейін қалада 31 бас ит ауланған. Қазіргі уақытта ит аулаушы үш топ жұмыс істеп жатыр. Ал Ақтөбедегі №60 мектептің директоры Абзал Тәжімішев биылдың өзінде облыста 100-ден аса жасөспірімді ит тістеп, олардың ауруханадан көмек алғаны туралы деректің бар екенін атап өтті.
Еске сала кетейік, бұған дейін Ақтөбе қаласында құрылыс нысандарының маңынан 12 жастағы баланың денесі табылған еді. Полицияның алдын ала болжамынша, жасөспірім белгісіз жануар тістегеннен қаза болуы мүмкін. Кейін жеткіншектің туыстары жанайқайын жеткізіп, құзырлы органдардан шұғыл шара қолдануды сұрады. Одан бөлек мерт болған оқушы білім алған мектеп директоры иттерді атуға тыйым салатын заңды қабылдаған депутаттарды сынға алған болатын.