Елордада 50 жастағы әйел адам 7-қабаттың балконынан құлап көз жұмды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Қалалық полиция департаментінің мәліметіне қарағанда, 102 желісіне Достық көшесі бойындағы үйлердің бірінен әйел адамның құлап кеткені туралы хабар түскен.
7-қабаттың балконынан құлаған азаматша оқиға орнында жан тапсырды.
Қайтыс болған адамның 50 жастағы қала тұрғыны екені анықталды. Ол құлаған сәтте марқұмның туыстары үйде болған.
«Аталған факті бойынша Есіл аудандық полиция басқармасы сотқа дейінгі тергеу жұмыстарын бастады. Тиісті сараптамалар тағайындалды. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес оқиғаға қатысты өзге материалдар жария етілмейді», - деп түсінік берді Нұр-Сұлтан қалалық ПД баспасөз қызметі.
Еске сала кетейік, терезеден құлау фактісі өткен айда Ақмола облысының Қосшы қаласында тіркелген еді. Ол жолы 3 жасар бала терезеден құлап кетті.