Қаңтар оқиғасы кезінде қашып кеткен полиция басшыларына қатысты 9 қылмыстық іс қозғалды. Бұл туралы бас прокуратураның қылмыстық қудалау қызметінің бастығы Серік Шалабаев мәлімдеді.Қазіргі кезде осы істермен арнайы прокурорлар айналысып жатыр.
"Арнайы прокурорлар күш құрылымдарының жекелеген басшыларына қатысты тергеуді жалғастырып жатыр. 5 қаңтарда Алматы және Жамбыл облыстары полиция департаменттерінің, сондай-ақ Алматы мен Қызылорда және Алматы облыстарының ұлттық қауіпсіздік комитеті департаменттерінің басшылары өз ғимаратын, соның ішінде қызметтік атыс қаруын тастап кеткені белгілі. Олардың барлығы күдікті деп танылып, осы фактілер бойынша 9 қылмыстық іс қозғалды. Белгілі болғандай, сол қайғылы күндері Алматы, Шымкент қалаларымен Ақтөбе, Атырау, Алматы, Жамбыл, Қызылорда және Шығыс Қазақстан облыстарында қирату, мемлекеттік объектілері өртеу, мүлікті жою және терроризм актілері болды", - деді Шалабаев орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифингте. Шалабаевтың айтуынша, қазіргі таңда прокуратура органдарының қадағалауында 5 мыңнан астам сотқа дейінгі тергеп-тексеру ісі жатыр. «Бүгінгі күні еліміздің әр өңірінде осы қылмыстардың ұйымдастырушысы ретінде 27 адам анықталды. Олардың қатарында Алматы әуежайына шабуыл жасап, «Көктөбе» телемұнарасын басып алуға әрекет жасаған тұлғалар да бар», - деді Серік Шалабаев. Оның айтуынша, «рұқсат етілмеген тергеу әдістері фактілерімен тіркелген қылмыстық істерге ерекше назар аударылуда. Қазіргі уақытта 8 резонансты істі арнайы прокурорлар тергеп жатыр. «Бұл істер бойынша 15 құқық қорғау және арнайы органдардың қызметкерлері күдікті ретінде танылды, оның 9-ы қамауда. Атап айтқанда, Алматы облысында қызған үтікті пайдалану арқылы азаптау ісі бойынша 25 адам жәбірленгені анықталды. Барлық арызданушылар азаптауды қолданудың ұқсас тәсілін сипаттады», - деді ол Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифинг барысында. Серік Шалабаевтың айтуынша, жедел-тергеу әрекеттердің нәтижесінде арнайы прокурорлар 5 полиция қызметкерінің үтікпен азаптауға қатысы бар екендігі анықталған. Олардың үшеуі кінәсін мойындап отыр.