Жамбыл облысында жауын мен бұршақ салдарынан қатты сел жүрді. Тараз 24 арнасының мәліметінше, кеше кешкісін Қордай ауданы, Үлкен Сұлутөр ауылында бір сағаттай бұршақ жауып, оның арты таулы аймақтарда селге ұласқан.
Салдарынан жолды су шайып, көлік қозғалысы қиындады. 2 шаруашылық ғимараты зақымданып, газ құбыры істен шықты. Зардап шеккендер жоқ. Шығын көлемі анықталуда. Оқиға орнында құтқарушылар жұмыс істеп жатыр. Жамбыл облысындағы Ноғайбай ауылынан 6 шақырым жерде, Ырғайты өзенінде су деңгейі күрт көтеріліп, айдында қалған 5 адам құтқарылды.
Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, зардап шеккендер мен қаза тапқандар жоқ.
Оқиға орнында Жамбыл облысы Төтенше жағдайлар департаментінің сегіз қызметкері мен екі бірлік техникасы, жергілікті атқарушы органдардың екі бірлік техникасы мен бес қызметкер жұмыс істеп жатыр", – делінген Төтенше жағдайлар министрлігінің хабарламасында.