Қазақстан эстрадасындағы ең сұлу келіншектердің бірі - Айдана Меденова кезінде томпақ қыздардың қатарында болған. Әнші мектеп шағында артық салмағы үшін қатарластары тарапынан қорлыққа ұшырағанын айтты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
"Шынымды айтайын, мен ұзақ уақыт бойы мазақ пен қорлықтың нысаны болдым. Мені артық салмағым үшін қудалады. Қыстыгүні бойымды билейтін қорқыныш сезімі әлі есімде. Қыста ұлдар мектептен шыға берісте қыздарды күтіп тұрып, кейін оларды қарға лақтыратын.
Ол мені қатты қорқытатын, себебі қардан тұра алмай қалатынмын. Сол күйі тұра алмай, қарда жатып қаламын ба деп ойлаушы едім", - деп ашығын айтты Меденова.
Әнші дене шынықтыру сабағында болған жағымсыз оқиғаны еске алды. Сол күні өзгелердің мазағы расталғандай түсті, дейді өзі.
"Бір күні дене шынықтыру сабағында мен серкеден секіре алмадым. Қолымнан келеді деп сенімді болдым. Мақсатыма қарай жүгіріп, іркіліп қалдым.
Барлығы менің үстімнен күлді және бұл жағдай мен естіген мазақ пен қорлық сөздерін растай түскендей болды.
Ең сорақысы, өзім жайлы ең сұмдық сөздерді шынайы деп қабылдадым. Артымнан: "Томпақ", "бәліш" деп айқайлайтын, ал мен үндемей әрі қарай кете беретінмін. Ойша бұл сөздермен келісетінмін. Өмірімді өзгерту туралы шешім қабылдаған кезде басымдық берген пункттерімнің бірі - тәнім болды.
"Сұлу" емес, мобильді болу үшін, жеңіл қозғалу үшін, мақсатыма тиімді жолмен жету үшін арықтағым келді. Мен ол жолдан өттім. Өз тәнімді қабылдап, оны өзгерте алдым", - дейді Айдана Меденова.