$ 494.87  520.65  4.91

«Қажет болса полиграфтан өтуге дайынмын»: Бибісара Абаевқа бағыттап тағы бір өткір мәлімдеме жасады

Құсайынов пен Садуақасов мырзалар менімен бірге өтірік детекторынан өтетін уақыт пен орынды таңдасын. Үшеуміз үшін де ақысын мен төлей аламын.
фото: nege.kz
фото: nege.kz

Қазақстандық шахматшы Бибісара Асаубаева күтпеген мәлімдеме жасап, федерация басшыларының былығын жайып салған болатын. Ол Қазақстан шахмат федерациясының президенті Ғалым Құсайынов пен оның орынбасары Дәрмен Сәдуақасовтың ұйымға ақша сұрату үшін шахматшы қыздарды Президент әкімшілігіне алып келгенін айтқан.

Nege тілшісі Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Дәурен Абаевтан осы жағдайға қатысты пікірін сұраған. Абаев брифингте Бибісараның айтқандарын жоққа шығарған.

«Мектеп салу да қаражатты талап етеді. Сондықтан Бибісараны да түсінуге болады. Мүмкін эмоциямен айтқан шығар? Бибісара да, Құсайынов та, Жансая да, Динара да –  еліміздегі шахматтың дамуына зор үлесін қосып жүрген азаматтар. Егер ұлтымыздың барлығы шахмат ойнайтын болса, алға қарай қадам жасайды деп ойлаймын», – деген еді Дәурен Абаев.

Бибісараның мәлімдемесіне Жансая Әбдімәлік те пікір білдірген.

«Бұл – біздің ішкі мәселеміз, дегенмен сол кездесуге қатысқан адам ретінде мұның жалған екенін айтқым келеді. Ол кезде 3 миллиард теңге туралы әңгіме болған жоқ. Біз Өзбекстан шахмат федерациясын мысалға келтірдік, оларға жыл сайын 3 миллион доллар бөлінетінін айттық. Өзбекстан президенті 2025 жылға дейінгі жеке жол картасына қол қойды. Біз мұны мысалға келтіре отырып, осындай қолдаудың арқасында Өзбекстан қазір әлемдік рейтингте 19-орында, ал Қазақстан 37- орында екенін қосып өттік. Бәлкім, Бибісара бірдеңені шатастырып алған шығар, кей тұстарын мұқият тыңдамаған шығар. Бұл ақпарат шындыққа жанаспайды», – деді Жансая Әбдімәлік.

Бибісара кеше өзінің фейсбук парақшасында Абаевқа да, Әбдімәлікке де жауап қайтарды.

    «Құрметті достар, мен олимпиадалық дайындық процесіне кедергі келтіретін, спортқа жат шу шығарғым келмеп еді. Мен гроссмейстер, ақыл-ойы бүтін, есте сақтау қабілеті жақсы ересек спортшымын. Мен ештеңені шатастырып немесе ойдан шығарған емеспін. Және Спорт министрі мырза айтқандай, эмоцияға салынып, артық қадамға барған емеспін. Мен Қазақстан мен Өзбекстанды немесе екі елдің федерацияларын шатастырып отырғаным жоқ. Сонымен қатар өз ұлттық валютасы бар тәуелсіз елде кез келген бюджетті анықтауға АҚШ-тың ұлттық валютасы жарамсыз екенін де білемін. Онда да Қазақстанның жүрегі – Ақордада олай деп жайдан-жай айтпаған шығармын. Ал қалай болғанда да ел Президентінен сұрап алу жоспарланған үш миллиард теңгеге (немесе сіз айтқандай, Құсайынов мырза, 3 миллион доллар-ақ болсын), бұл өте қомақты сома және федерация (соның ішінде біз де, ұлттық құрама да) Олимпиадаға бір ай қалған уақытта, лайық емеспіз», - деп жазды спортшы.

Ол өзінің әр айтқан сөзіне жуап береуге дайын екенін де жеткізді.

«Мен – өз қаржым өзіме жеткілікті, жеке табыс пен бос мақтау іздемейтін спортшымын. Шахмат мені өзгенің және өз уақытымды бағалауға үйретті, уақыттан маңызды зат жоқ. Сондықтан бос өтінішпен мемлекет президентінің уақытын, ал бюджеттен ақша алу этикаға қайшы. Мені ешкім көндіре алмайды. Президентпен кездесер алдында БАҚ алдына шығып, қудалаудан қорықпай шындықты айттым. Егер кей тұлғалар өздерін «қорланғандай» сезінсе, өз аттарын сотта қорғасын.

Өтіріктің мәселесіне қайта оралайық. Жаттығу кезінде бос уақыт тауып, полиграфта тексеруден өтуге дайынмын. Құсайынов пен Садуақасов мырзалар менімен бірге өтірік детекторынан өтетін уақыт пен орынды таңдасын. Үшеуміз үшін де ақысын мен төлей аламын. Ал қазір маған Олимпиадаға дайындалуға мұрсат беріңіздер», – деді Бибісара.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары