Мексикалық боксшы Сауль «Канело» Альварестің (57-2-2, 39 КО) бапкері Эдди Рейносо қазақстандық Геннадий Головкинмен (42-1-1, 37 КО) өтетін үшінші кездесуге қатысты мәлімдеме жасады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Канело» бұл жолы тегеурінді қарсылық көрсетеді. Ол алғашқы раундтан бастап-ақ Головкинді соққының астына алады. Біз осы қарқынды екінші раундта да бәсеңдетпейміз. Сөйтіп жеңіске жетеміз деген ойдамын. Біздің бұл жолғы жеңісіміз сенімді болады, біз оған барымызды саламыз және бұрынғыға қарағанда белсендірек әрекет етеміз. Сауль нокаутпен жеңеді деген үміттемін»,-деп мәлімдеді Рейносо.
Айта кетейік, Головкин-«Канело» кездесуі 17 қыркүйекте Лас-Вегастағы «АҚШ» T-Mobile Arena-да өтеді. Екі боксшының алғашқы кездесуі 2017 жылы өтіп, екеуі тең түскен болатын. Алайда бұл жағдай қалың көпшілік арасында үлкен дау тудырды. 2018 жылы екінші кездесу өтіп, төрешілердің шешімімен «Канело» жеңіске жетті деген шешім қабылданды.