"ӨКМ Операторы" ЖШС бұрынғы құрылтайшысы Шынар Мұхтарова күдікке ілініп, іздеу жарияланды, - деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы Антикорға сілтеме жасап.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі "ӨКМ Операторы" ЖШС басшылығына және басқа да тұлғаларға қатысты аса ірі мөлшерде ақша жымқыру белгілері бойынша соталды тергеп-тексеруді жалғастырып жатыр.
"Қылмыстық іс аясында 2017-2018 жылдар аралығында Экологиялық кодекс талаптарын бұза отырып, оған 920 миллион теңге мөлшерінде дивиденд түрінде заңсыз төленген утильалым қаражатын иеленген "ӨКМ Операторы" ЖШС бұрынғы құрылтайшысы Шынар Мұхтарова күдікке ілінді", - делінген хабарламада.
Антикор мәліметінше, Шынар Мұхтароваға іздеу жарияланды және оған қатысты сот "қамауда ұстау" түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялады.
"Егер сізде оның орналасқан жері туралы ақпарат болса, агенттік телефондарына хабарлауыңызды сұраймыз:
call-центр 1424 +7 (7172) 909 260 Іздестіріліп жатқан адамның орналасқан жері туралы ақпарат бергені үшін 4 000 айлық есептік көрсеткішке (АЕК) дейін сыйақы көзделген", - делінген хабарламада.
Хабарламаның құпиялығына кепілдік берілетінін айтылды.