30.06.2022, 16:00

Елімізде карантиндік шектеулер қайта орала ма?

Фото: ашық дереккөз
Қазір вирус жұқтыру дерегі бойынша тәулігіне 100 адамға дейін өсу бар.

Қазақстанда карантинді күшейту мәселесін шенеуніктер ВАК отырысында талқылайды. Бұл туралы премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов мәлімдеді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.

Ол елде әзірге төтенше жағдай жоқ екенін айтты.

«Вакцинация - басты мәселе. Әзірге төтенше жағдай жоқ, бірақ науқастар саны өскен жағдайда маска тағу режимі қайтарылуы мүмкін. Қазір тәулігіне 100 адамға дейін өсу бар. Карантин шараларын күшейту мәселелерін ВАК отырысына шығарамыз. Маска бойынша ғана емес, жалпы шаралар бойынша», - деді Тоғжанов.

Денсаулық сақтау министрлігіне екпе жұмыстарын күшейту тапсырылды.

Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, 29 маусымдағы жағдай бойынша Қазақстанда коронавирус инфекциясының 137 жаңа жағдайы тіркелді. Аурудың басым бөлігі Алматыда – 77 және Нұр-Сұлтанда – 26. Бұл 2022 жылдың наурызынан бергі ең жоғары көрсеткіш.