$ 494.87  520.65  4.91

Моңғолия қазақтары моңғол тілін қазақ тілімен қатар оқуға қарсы

Моңғолия билігі негізінен қазақтар тұратын Баян-Өлгей аймағының мектептерінде қазақ тілімен қатар моңғол тілін де міндетті оқытуды енгізу туралы шешім қабылдады.
Фото: ашық дереккөз
Фото: ашық дереккөз

Моңғолия билігі негізінен қазақтар тұратын Баян-Өлгей аймағының мектептерінде қазақ тілімен қатар моңғол тілін де міндетті оқытуды енгізу туралы шешім қабылдады, деп жазады Regnum басылымы.

Моңғолияның Білім және ғылым министрі Лувсанцэрэнгийн Энх-Амгалан 1 қыркүйектен бастап Баян-Өлгейдегі балаларға бір мезгілде моңғол және қазақ тілдерін бірінші сыныптан бастап үйренуге мүмкіндік беретін екі тілді бағдарлама іске қосылатынын мәлімдеді. Бірақ бұл шешіммен бәрі бірдей келісе бермейді.

Моңғолиядағы қазақтардың өкілі Масғұт Рысбек бұл шешімге қарсы баспасөз конференциясында сөз сөйледі.

"Жыл сайынғы емтихан нәтижесі бойынша аймақ Баян-Өлгей соңғы орындарды иеленеді. Мұның бірнеше себептері бар. Баян-Өлгей мектептерін оқулықтармен қамтамасыз ету 30-35 пайызды құрайды, бұл өте аз. Моңғол тілі мұғалімдерінің біліктілігінің жеткіліксіздігіне байланысты мектеп оқушылары моңғол тілін жақсы білмейді. Шын мәнінде алты жасар қазақ баласы үшін моңғол тілі — шет тілі.

Олардың физикалық және ақыл-ой ерекшеліктерін, сондай-ақ халықаралық стандарттарды ескере отырып, мен моңғол тілін бірінші сыныптан бастап оқыту дұрыс емес деп санаймын. Халықаралық деңгейде этникалық азшылықтар өздерінің ана тілдерін бірінші сыныптан бесінші сыныпқа дейін және елдің ресми тілін бесінші сыныптан бастап үйренетін мысалдар жетерлік", - деді Масғұт Рысбек.

Масғұт Рысбектің бұл пікірі Моңғолияның әлеуметтік желісін шулатты. Моңғолияның көпшілік қауымы Моңғолия азаматы болып табылатындардың бәрі, ұлтына қарамастан, моңғол тілін үйренуі керек деп санайды. 

Моңғолиядағы қазақтар саны жағынан елдегі екінші этнос және ең ірі ұлттық азшылық болып саналады. 2020 жылғы санақ қорытындысы бойынша Моңғолиядағы қазақтар саны 125 280 адамды (ел халқының 3,8%) құрады. Моңғол қазақтарының басым бөлігі Батыс Моңғолия аумағында Баян-Өлгей аймағында (халықтың 88,7%) және Ховд (11,5%) тұрады.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары