"Алтын-Орда" базары аумағында дәмхана өртенді, деп хабарлады Алматы облыстық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі.
Облыстық ТЖД мәліметінше, 2 шілде күні сағат 13:19-да кезекші бөлімнің пультіне Алматы облысының Қарасай ауданында Алматы-Бішкек автожолының бойында, "Алтын орда" базарының аумағында орналасқан "Жеті құрдас" базарында үш ғимараттың өртенгені туралы хабарлама келіп түсті. Самса дайындау үй-жайының шатыры, ломбард ғимаратының шатыры және екі қабатты дәмхананың шатыры өртенді.
Өрт 200 шаршы метр аумақты шарпыды. Құрылыстың жалпы ауданы – 400 шаршы метр.
Өртті сөндіруге Алматы облысының ТЖД, аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері мен техникасы жұмылдырылды. Сағат 14:14-те өрт сөндірілді. Қаза болғандар мен зардап шеккендер жоқ.
Өрттің себебін анықтау үшін оқиға орнына ТЖД өрт сынақ зертханасы жіберілді.