Алматыда жас мамандарды баспанамен қамтуға бағытталған тұрғын үй бағдарламасы аясында дау туды. «Алматы жастары» бағдарламасының нәтижелерімен келіспеген азаматтар қалалық үй саясаты басқармасының ғимаратына келіп өз наразылықтарын білдірді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Айта кетсек, 1 шілде күні Алматы қаласының коммуналдық инфрақұрылымды дамыту басқармасы «Алматы жастары» қалалық жеңілдікпен несиелендіру бағдарламасының қорытындысын шығарды. Өтініштер 2022 жылдың 18 мамырынан 1 маусымына дейін қабылданды.
Барлығы 11 199 өтініш келіп түскен. Оның ішінде 1676 өтініш мақұлданып, оң шешім қабылданды. Салалар бойынша жинаған баллдарына байланысты 1000 үміткерге сайттағы жеке кабинетке «Отбасы банк» АҚ төлем қабілеттілігін растау үшін жолдама берілетін болады. Ал 676 қатысушы негізгі тізімнің төлем қабілеттілігін бағалаудан өткенге дейін резервтік тізімде болады. Алайда бұл нәтижелермен келіспейтіндер де табылды.
Әсел есімді Алматы тұрғынының айтуынша, бағдарламаның шикіліктері өте көп.
«Мен басымда мүлік жоқ деген анықтаманы Алматы қаласы бойынша шығарған едім. Ал негізінде анықтаманы Қазақстан бойынша алу керек екен. Бұл бағдарламаға үшінші жыл қатарынан қатысып жатырмын. Осы жылдардың бәрінде анықтаманы Алматы қаласы бойынша алып өткізіп жүрмін. Биыл да дәл солай өткіздім. Бірақ дәл осы анықтаманы қате деп, 39 балым бола тұра мені өткізбей қойды. Ең өкініштісі, Алматыға басқа жақтан келіп, 6 ай ғана жұмыс істеп, 0 балмен де үй алып жатыр. Ал менің қалада денсаулық саласында жұмыс істеп жүргеніме 15 жыл болды. Осы бір қателікке бола, 39 балмен өткізбей қойғаны жаныма батады. Бұлай шыралдап жүруімнің тағы бір себебі – жасымның 35-ке келгені. Енді менің үй алуға мұндай мүмкіндігім болмайды», – дейді ол.
Ғалия Базарова – 10 жылдан бері білім саласында жұмыс істейді. Бірақ ол да Әселдің қателігін қайталап, жылжымайтын мүліктің жоқтығы туралы анықтаманы тек Алматы қаласы бойынша алған.
«Былтыр да өтпей қалдым. Ол кезде еңбек кітапшамды бірінің астына бірін жүктегенмін. Соның бірінші бетін ғана көрген де, қалғанын көрмей қалып тізімге қоспаған. Ал биыл жылжымайтын мүліктің жоқтығы туралы анықтаманы республика бойынша алмадың деп өткізбей отыр. Қазір енді біздің өтінішімізді қайта қарап, мүмкіндік береміз деп отыр. Ал ертең «бізде қаражат жоқ, мүмкіндік бере алмаймыз» деп айта ма деп қорқамын. Жасымыз болса 35-ке таяп қалды», – дейді Ғалия Базарова.
Алматы тұрғыны Нұрсұлудың айтуынша, порталға жүктеген құжаттары белгісіз себеппен жоғалып кеткен.
«Жылжымайтын мүлік туралы анықтаманы өзімнің, жолдасымның, балаларымның атынан өткізген болатынмын. Алайда олар тек өзімнің ғана құжатымның бар екенін айтып, қалғанын жүктемедіңіз деп отыр. Бағдарламаға үшінші рет қатысып отырмын. Маусым айында жасым 36-ға толды. Қайта қарау мүмкіндігі болады деп айтқаннан кейін үмітпен келіп отырмын», – дейді Нұрсұлу.
ҒЗИ саласында 10 жылдық еңбек өт ілі бар Гаухар Молдахметова – биыл да баспанасыз қалдым деп жүргендердің бірі. Айтуынша, белгісіз себептермен оның таңдаған саласы ауысып кеткен.
«Менің салам – ЖОО және ҒЗИ қызметкерлері. Тізімінен не себепті өтпегенімді қарасам, жұмыс орнының ауысуына байланысты деп тұр екен. Сөйтсем, мен денсаулық саласына кіріп кетіппін. Сайтта сала таңдаған кезде өзімнің саламды басқаныма сенімдімін. Сондай-ақ бірнеше рет тексергенмін. Меніңше, өздері осындай техникалық қателік жіберіп отыр», – дейді Гаухар Молжахметова.
Аталған жағдай бойынша Stan.kz тлішісі Алматы қалалық тұрғын үй басқармасынан түсініктеме сұраған болатын. Алайда ведомство әзірге пікір білдірмейтінін жеткізді. Мәселе бойынша тілшіміз Алматы әкімдігіне сұрау жолдады.