Жаңалықтар 05.07.2022 сағат 05:07

«Мойныма жақын келіп тыныстап, жамбасымнан ұстап алды»: Алматылық ару қоғамдық көлікте ер адамның тиіскенін айтып шағымданды

Ең сорақысы, маған ешкім қараған да жоқ, көмекке асыққан да жоқ. Тіпті жүргізушінің жанында тұрсам да ол немқұрайлық танытты.
«Мойныма жақын келіп тыныстап, жамбасымнан ұстап алды»: Алматылық ару қоғамдық көлікте ер адамның тиіскенін айтып шағымданды
Фото: ашық дереккөз
Бөлісу
Бөлісу
Бөлісу

Алматының 25 жастағы тұрғыны қоғамдық көлікте екі рет алымcақтыққа ұшырағанын айтып шағымданды. Сөзінше, екі рет күндізгі уақытта белгісіз ер адам өзіне тиіскен, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Әлеуметтік желіде Алматы тұрғыны, журналист Назерке өзіне бейәдеп қылық танытқан ер адамның фотосын жариялап, қыздарды абай болуға шақырды. Айтуынша, қоғамдық көліктегі бұл жағдай екі рет қайталанған. Бірінші рет оқиға 24 маусымда болған. Ол кезде ер адам автобустан түсіп кеткен. Ал екінші рет бұл жағдай 1 шілдеде қайталанып, жәбірленуші күдіктіні фотоға түсіріп үлгерген.

Сөзінше, ер адам қыздың денесіне қол жүгіртіп, сипалаған.

”Бірінші рет мен автобустың алдыңғы жақ бөлігінде тұрдым. Бір уақытта адам көбейіп кетті. Ағарған, әжім басқан нәзік қолды көріп, артымда қарт әйел кісі тұр деп ойладым. Біраздан соң әлдене денеме тигендей болды, оған мән бере қоймадым, себебі лық толы автобуста әлгі әжейдің сөмкесі шығар деп ойладым. Алайда бір аялдама өткен соң, әлгі артымда тұрған адам мойныма жақындап, тыныстай бастады. Артыма бұрылып қарағанда, оның еркек екенін көріп шошып кеттім. Сонда ғана оның сонша уақыттан бері менің жамбасымды ұстап тұрғанын аңғардым. Айқайға басып, оның менен ары тұруын сұрадым”, – дейді қыз.

Алматылық тұрғынның сөзінше, әлгі азамат міз бақпай, автобуста тұра берген. Кейіннен өз аялдамасына келгенде түк болмағандай түсіп, басқа автобусқа мініп кетіпті. 

“Ең сорақысы, маған ешкім қараған да жоқ, көмекке асыққан да жоқ. Тіпті жүргізушінің жанында тұрсам да ол немқұрайлық танытты. Есімді жиған соң, әлгі азаматты не суретке, не видеоға түсіріп алмағаныма өкініп қалдым. Себебі ертең шағымданатын болсам, айтқанымды қалай дәлелдеймін деп ойладым”, – деп қосты ол. 

1 маусымда дәл сол автобуста жағдай тағы да қайталаныпты. Бұл жолы әлгі азамат автобусқа кіргенде қыздың артынан шымшып өткен. 

“Бұрылып қарасам, алдындағы ер азамат тұр. Осы тұста бірден шапшаңдық танытып, оны суретке түсіріп алдым. Менің бұл әрекетіме ол өзінің кінәсін түсінгедей, тіпті бір ауыз сөз айтпады. Автобустың ортасына өтіп кетіп, ұзақ уақыт бойы маған тесіле қарап тұрды”, – дейді журналист.

Мұндай жағдайға басқа қыздардың да тап болуы ғажап емес. 

“Оның мұндай қитұрқы әрекеттерді жиі жасайтынын түсіндім. Бұл туралы үндемей қалмай, әлеуметтік желіге жария етуді жөн көрдім. Менің орнымда кішкентай қыз болғанда не болар еді? Бұл адамның осылай автобусқа кіріп, қыздарға тиісіп, түк болмағандай жұмысқа барып жүргені қорқынышты. Құзырлы органдардан мәселені қолға алып, оны жазалуын сұраймын. Әйтпесе, ол өз әрекетін жалғастыра береді және бұл қандай жағдаймен аяқталуы мүмкін екенін кім білсін?”, – деп жазды журналист. 

Қазіргі уақытта Назерке полицияға арыз жазған. Тәртіп сақшылары оқиға бойынша тексеру амалдарын бастап кетті.

“Жағдайды зерттеу Медеу ауданы Полиция басқармасы қызметкерлеріне тапсырылды. Ауданның бастығының орынбасары Жәнібек Шынасил істі алды”, – деді Алматы қаласының ПД басшысының тергеу және анықтау ісіне жауапты орынбасары Рустам Әбдірахманов. 

Желіде журналистің жазбасының астына тағы бір бойжеткен осы ер азаматтан жапа шеккенін жазған. Оның сөзінше, бұл ер адам осыдан бірнеше жыл бұрын өзіне алымсақтық жасаған. 

“Бастапқыда жай біреудің қолы тиіп кеткен шығар дедім. Бірнеше минуттан соң бұл әрекет қасақана жасалғанын, сондай-ақ, одан әрі жалғасып жатқанын байқадым. Қимылдай алмай қалдым. Тағы бірнеше рет оны көрдім, сол кезде автобустың соңына қарай жүгіріп кететін болдым. Оның аппақ қолы мен сақалын өмірімде ұмытпаспын”, – дейді желі қолданушысы. 

Оқи отырыңыз

загрузка...

Соңғы жаңалықтар

Аптасына бір рет ең танымал мақалалардың дайджесін жібереміз

Қызықты материалдар