Елордада ата-аналар балаларын мектепке орналастыра алмай жатыр. Үйдің іргесіндегі білім ордасы бала саны толық, қабылдай алмаймыз деп жауап қайтарыпты, деп хабарлайды «КТК» арнасы.
Онлайн тіркеу небәрі 5 минутқа созылған. Азаматтар осынша қысқа уақыттың ішінде бірінші сыныпқа арналған 4 мың орын қалай бірден толып қалғанын түсіне алмай отыр.
Үйдің іргесінде орналасқан білім ордасына балаларын орналастыра алмай дал болған ата-аналар мектептің қоршауын бұзып кіруге бар.
Бар бәле балаларын BINOM мектебіне тіркей алмағандықтан шығыпты. Мақтаулы білім ордасының бұл астанадағы бесінші нүктесі екен. Әу баста мектеп басшылығы онлайн тіркеуден өтесіздер деген. Бірақ 5 минуттың ішінде тізім толық, өтінішіңіз қабылданбайды деген жауап алыпты.
«Онлайн беріп көрдім. Таңғы сегізден бастап отырмын. Қателік туындады деп шықпайды. Басынан бастап кіреміз, толтырайын десем, артқа қарай лақтырып жіберіп тұр портал. Істемейді», – дейді Айдана Тойбек.
Мектеп басшылығы қазақ сыныбында орын жеткілікті дейді. Орыс тілінде оқытатын сыныптар лық толы. Қалалық білім басқармасының бұйрығына сәйкес биыл алғаш мектеп табалдырығын аттаған оқушылар үшін 14 қазақ, 4 орыс сыныбы ашылады екен.
Ал, онлайн жүйе құжатымызды қабылдамады деп шулаған ата-аналардың асықпағаны абзал дейді мектеп басшылығы.
«Онлайн өтініш беру кезінде секунд сайын өтініш келіп түседі. Балаға бекітілген орынды система орын жоқ деп көрсетеді. Дегенмен онлайн заявкалар әлі аяқталып болған жоқ. Онлайн заявкалар бүгін кешкі сағат алтыдан кейін өңделеді. Ол жерде микроучасток бойынша берілмеген заявкалар болса кері қайтырылып, босаған орындар қайтадан порталға шығады», – дейді Binom Education компаниясының академиялық директоры Арайлым Мағзұмова.
Ата-аналардың бұлай даурығуына бір себеп баламызға тиісті орынды әлдекімдер бармақ басты, көз қыстымен алып қойды ма деген қауіп. Бірақ, Білім басқармасы бұл қисынсыз әңгіме деп отыр. Өйткені қабылдау тек электронды үкімет порталы арқылы ғана жүргізіледі. Дегенмен, балалар білімсіз қалмайды деп сендірді.
«Ал BINOM мектептері бізде мемлекеттік жекеменшік серіктестік негізінде салынғандықтан әрбір сыныпта 25 баладан артық отырмауы тиіс.Өздерінің ең бірінші шағын ауданында тұрып жатқан балаларды қамтып отыр бүгінгі күні. Ал егер қамтылмай қалып жатқан жағдайлар болса, білім басқармасы біз өзіміздің тарапымыздан жақын орналасқан мектептерге орналастырамыз», –дейді Нұр-Сұлтан қалалық білім басқармасының бөлім басшысы Асыл Амангелдиева.
Жалпы елордада оқушысы шамадан тыс көп дейтін 15 мектеп бар екен. Білім басқармасы бұл бір-екі жылдықта шешіле қояр шаруа емес дейді. Биыл жұмыс бастауы тиіс 23 мың орында қамтитын 11 білім беру ұйымы түйткілді түйінді сәл де болса шешеді деген үмітте.