$ 448.15  483.46  4.86

Таразда тұрғындар ауласын шошқа фермасына айналдырған кәсіпкердің үстінен шағымданды

Ал ауласынан шошқа ферма ашқан кәсіпкер бәрін заңды істеп отырғанын мәлімдеді.
Фото: ашық дереккөзден
Фото: ашық дереккөзден

Таразда тұрғындар ауласынан шошқа фермасын ашқан кәсіпкерге наразы. Нәжіс иісінен жүріп-тұрудан қалдық деген жұрт кімнен араша сұрарын білмейді. Өйткені жауапты мамандар қолданыстағы заң бойынша аулаңды жануарлар саябағына айналдырсаң да қолайсыздық үшін жаза жоқ екенін айтады, деп хабарлайды 31-арнаның «Информбюро» бағдарламасы.

Ақжол саяжайын жағымсыз иіс жайлағалы бес жыл болған. Мұндағылардың арызданғанына да дәл солай. Алайда ауласын шошқаға толтырған кәсіпкер торайларын көбейтпесе азайтар түрі жоқ. Көшіп құтылайын десе сасыған аймаққа ешкім аяқ баспайды дейді.  

«Бес жыл болды үйді сатамын дегеніме. Келген адам дереу қашып кетеді. Иістен. Ары кетсе 5-6 метр қазылған суымыз. Менімен бақшалас мұның қалдық су төгілетін шұңқыры тұр», – деді Тараз қаласының тұрғыны Ақылбек Кішкеев.  

Тұрғындар жағымсыз иістің мүлде кетпейтінін айтады. Қалада тұрып су жүйесінің, жібі түзу жолдың, қоғамдық көліктің жоқтығына көндіксе де, бір жұтым таза ауаға зар қылған көршісінің қорлығына шыдау қиын дейді.  

«Міні жан-жағындағы кісілер ауру. Енді бірінші топқа ауысты. Үштен бастаған. Жазда терезені ашып отыра алмасаң, жер үйде неменеге тұрып жатырмыз?» – деп ашынды Айгүл Бештаева.

Ал ауласынан шошқа ферма ашқан кәсіпкер бәрін заңды істеп отырғанын мәлімдеді.

«Мен таза еңбек етіп отырмын. Ешкімге соқтықпай өмір сүріп отырған адаммын. Ал көршілердің көзқарасы маған деген жеке өкпесі шығар деп ойлаймын», – деді кәсіпкер Илфат Сафин.  

Жауаптылардың сөзінше, қалада дәл осындай оқиғалар жиі қайталанады екен. Бірақ заңнан аттап әрекет ете алмайтынын ашық айтты.

«Көп қалада мұндай шағымдар түсіп жатыр. Расымен, ана жерге барсаңыз иіс деген жаман. Заңға мүлдем мал ұстамасын деп өзгеріс енгізіп берсе. Болмаса қалалық жерлерде 5-6 бас деп шектеу қойылса. Бекітіп берсе, жұмыс істейміз», – деп мәлімдеді Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің Тараз қалалық аумақтық инспекциясының бас маманы Ерғазы Бердібеков.

Бұрын үй жануарларын ұстау үшін белгілі бір норма болса, бүгінде бұл қысқартылып кеткен. Яғни аулаңды жануарлар саябағына айналдырсаң да, ешкім бұған шектеу қоя алмайды. Ал азабын тартқан ел жоғарыдағылардың бұл ісін шолақ ойлаудың жемісі дейді. Қолайсыздықтан шаршаған жұрт шорт кескен сол заңды қайта қарауды сұрайды.

 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары

Тегтер:

#Тараз #шошқа