Қала тұрғындарының кейбірі ауыз судың таза екеніне сенбейді. Бірақ Алматыны сумен қамтамасыз ететін мекеме халықтың «өте жұмсақ су ішіп отырғанын» айтады, деп хабарлайды «Азаттық».
Қаланы сумен қамтамасыз етіп отырған «Алматы су холдингі» мекемесінің инженері Нұрлан Өмірханов тұрғындардың «су құрамында хлор көп» деген пікірімен келіспейді.
— Біз халыққа жіберілетін суға бұрынғыдай сұйық хлор қоспаймыз. Суға ас тұзынан арнайы құрылғылар арқылы бөлінген натрий гипохлориті қосылады, — дейді су тазарту құрылғыларын аралатып жүріп көрсеткен Нұрлан Өмірханов.
«Алматы су холдингі» дерегінше, қала тұрғындарына керек ауыз судың 30 пайызы - Үлкен Алматы және Кіші Алматы өзендерінен, 70 пайызы - 500 метр тереңдіктегі жерасты су көздерінен алынып, қаладағы екі үлкен су тазарту станциясына жетеді.
— Өзен бойында суды құмнан тазарту құрылғылары қойылған. Содан өткен су станция аумағына келгеннен кейін тұндырылу кезеңінен өтеді. Су залалсыздандырылғанға дейін бес кезеңнен өтіп, тазартылып келеді, — дейді «Алматы су холдингінің» инженері Нұрлан Өмірханов.
Мекеменің лаборатория бөлімінің жетекшісі Бейбіт Матаев тазартылған ауыз су сағат сайын химиялық және бактериологиялық тексеруден өтетінін айтады.
— Қала тұрғындарының көбі судың кермек дәміне шағымданады. Норматив бойынша судың кермектілігі литріне 7 миллиграмнан аспау керек. Ал қала бойынша судың кермектігі 3 миллиграмның айналасында. Яғни Алматының ауыз суы өте жұмсақ, — деді Бейбіт Матаев.
Дегенмен, мамандардың айтуынша, Алматыдағы ауыз судың сапасына 70 пайызының қолдану мерзімі өтіп кеткен су құбырлары да әсер етеді.