Биылғы ҰБТ-да талапкерлердің орташа балының төмен болуына тестілеудің мейлінше ашық өтуі себеп болуы мүмкін. Ұлттық тестілеу орталығының директоры Руслан Емелбаев орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде осындай пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Биыл ҰБТ тапсырғандардың 33 пайызы орташа бал жинай алмаған. Себебі неде? Дайындық төмен бе, әлде сұрақтары қиын ба?» деп сұрады БАҚ өкілі.
Ұлттық тестілеу орталығы директорының айтуынша, мұның бірнеше себебі бар.
«Шекті балды жинағандардың саны өткен жылмен салыстырғанда 7% көбейіп отыр. Әрине, шекті балды өте алмаудың бірнеше себептері болуы мүмкін. Биыл сұрақтар жаңартылған білім мазмұнына қарай құрастырылды. Соған қарамастан, шекті межеден өткнедердіңүлесі 7 пайыз артып отыр», - деді ол.
Айтуынша, бүгінге дейін оқушылар арасында тест сұрақтарын желіге салу тендециясы белең алып келген.
«Белгілі орталықтар немесе белгілі тұлғалар арнайы телеграм каналдар арқылы тест сұрақтарын желі қолданушыларының назарына ұсынып отырған. Тіпті 76 мың тіркелушісі бар каналдар осылай жұмыс істеген. Тестен шыққан балалардың сұрақтарын жинап, жариялап отырған. Биыл біз сұрақтарды күнбе-күн қайталанбайтындай етіп істедік. Балдың біраз төмен болуына осы әсер етті. Жалпы биыл жаттауға, фактологияға бейімделген сұрақтар, әсіресе, Қазақстан тарихынан әлдеқайда азайды. Биыл тест сұрақтарын әлеуметтік желіге салу фактілері болған жоқ. Себебі тест сұрақтарын коммерцияға айналдырған ірі-ірі телеграм каналдар жабылды. Құзыретті органдарға өтініш білдіріп, жолын кестік. Сонда жаттауға бейімделген сұрақтардың азайып, сұрақтарды әлеуметтік желіге салу мүмкіндігінің шектелуі орташа балдың төмен болуына әсер етуі мүмкін деп айта аламын», -деді Руслан Емелбаев.