$ 494.87  520.65  4.91

Нұр-Сұлтанда әскери жаттығу кезінде сарбаз әріптесінің оғынан мерт болды

Қазір сержанттың денесі мәйітханада. Тексерістен кейін туған жері Арқалыққа сүйегі жеткізіледі.

Елорда маңында өткен әскери жаттығу кезінде сарбаз атылып өлді. Оқыс оқиға бүгін Кіші Майлан деп аталатын оқу-жаттығу алаңында болған, деп хабарлайды КТК арнасы.

Мақтаулы «Айбын» президенттік полкінің келісімшартпен жүрген кіші сержантын серіктесі байқаусызда жазым қылыпты. Әзірге әскерилер айтып отырған ресми нұсқа осы. Бірақ 21 жастағы Дархан Мәліктің жақындары бұған сенген жоқ. Себебі, таңнан бері сылтау сан өзгерді дейді зар илеген бауырлары.

Мәліковтер отбасы мақтаулы президент полкінде қызметін мүлтіксіз атқарып жүрген ұлдарынан айырылып қалды. Кіші сержант Дархан Мәлік кеше кешке түнгі кезекшілікке кеткен. Ал бүгін таңда 21 жастағы жігіттің тапаншадан атылып қалғаны туралы суық хабар жетті.

«Әкесімен сөйлескенде «оқ тиіп, өзіне атылып кетті» деді. Асханада отырғанда өзінен өзі атылып кетіпті. Туысымыздың үйіне қызметінен адамдар келіп жатыр дегесін біз  «кетпесін, тілдесейік, сөйлесейік, бізге не айтады екен» дедік. Асханада отырған уақытта Дарханның мылтығында оқ болмайды. Бос болады. Ойнап отырған. Ал қарсыласында оқ болады, ол байқамай қалады. Атқан уақытта бірден басына тиеді», – дейді марқұмның туысы Айзада Сейдахметова.

Оқиға астанадан 60 шақырым жердегі полигонда болған. Кіші Майлан деп аталатын полигонда әскерилер оқу-жаттығу жиынын өткізіп жатыр екен. Келісімшартпен қызмет ететін Дархан Мәлік сонда күзетте болыпты. Суыт келген хабарға сене алмаған туыстары шыдай алмай таңертеңнен әскери бөлімге жетті. Олар ажалдың серігінен келгеніне күмән келтіріп отыр. Өйткені командирлердің жауабы таңнан бері сан өзгерді дейді әкесі.

«Маған айтқан ақпараты әртүрлі болып тұр. Өзінің автоматы атылып кетті деп айтты таңертең. Енді бір сағат өткеннен кейін звондасам, жолдас жігіттің автоматы асхананың ішінде атылды деді. Енді сүйекті алып келе жатқан офицерлер мусор төгуге шыққан, сол жерде екеуі бір-бірімен ойнаған, сонда оқ тиген дейді», – дейді марқұмның әкесі.

Десе де, әзірге ресми нұсқа осы. Айрықша мақсаттағы мемлекеттік күзет күштері қолбасышысының орынбасары жазатайым оқиға деп сендіріп тұр. Полигонда болмағаннан кейін полковник мырза өзі де мән-жайды ашық білмейді екен. Бірақ марқұмның туыстарына хабар айтып, барлық айқайды естіп жүрген осы кісі.

«Мұны бізде тексермейміз. Әскери тергеу басталды. Олар серігі екеуі қарапайым қауіпсіздік ережесін бұзған. Кезекшілік кезінде тапаншаны себепсіз сыртынан алып шығуға да болмайды. Ол өзінің сыртында тұру керек. Оны неге суырып алып шықты, мен білмеймін. Әскери қылмыстық бөлімі осы сұрақтарды анықтайтын болады», – дейді ҚР мемлекеттік күзет қызметі айрықша мақсаттағы күштер қолбасшысының орынбасары Ерлан Жарқынбаев.

Дарханды жазатайым атып алдым деген серігі бірден тергеуге алыныпты. Ол марқұммен бірге әскери сапқа келген, артық мінезі байқалмаған бала дейді жауаптылар. Екеуі дос та болған. Түнгі кезегінің бітуіне жарты тәулік қалғанда өмірімен қоштасқан сержанттың артында 20 жастағы әйелі, төрт бауыры мен ата-анасы қалды.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары