15 жасар оқушы қызды өлтірген қылмыскер журналистер ар-намысыма нұқсан келтірді деп сотқа шағым түсірді.
Өмір бойына сотталған 21 жастағы Ақтөбе тұрғыны журналистер оның ар-намысы мен абыройына нұқсан келтірді деп есептейді.
Ақтөбеде 15 жасар оқушы қыздың өліміне қатысты жан түршігерлік оқиға күтпеген жерден өрбіді. Диапазон жазғандай, қылмысы үшін өмір бойына бас бостандығынан айырылған азамат түрмеде 9 жылға жуық отырғаннан кейін кенеттен абыройын қорғамақ болып, сотқа жүгінуге шешім қабылдады. Ол моральдық шығынды өтеуді және оның барлық фотосуреттерін БАҚ-тан алып тастауды талап етті.
Жан түршігерлік қайғылы оқиға 2013 жылдың күзінде болған. Көпқабатты үйдің кіреберісінде жол сөмкесі табылған, оның ішінде оқушы қыздың мәйіті болған. Кейін мамандардың анықтауы бойынша: қыз зорланып, тұншықтырылып өлтірілген. Тергеу барысында 25 жастағы қылмыскердің сыбайласы қызды оның пәтеріне алып келгені анықталды. Нәтижесінде досы екі жыл, ал кісі өлтіруші өмір бойына бас бостандығынан айырылды. Журналистердің айтуынша, сот үкімі жарияланған кезде ер адам бірнеше рет күліп, қол шапалақтаған. Дегенмен ол кінәсін мойындамады.
— Ал енді, сот үкімі шыққаннан кейін 8 жыл өткенде, жас қыздың өлімін жүктеген Сергей Наумцев кенеттен есі кіріп, БАҚ-тағы жарияланымдар оның ар-намысы мен қадір-қасиетіне нұқсан келтіріп, оның тұлғасы туралы теріс пікір қалыптастыру үшін жасалған деген қорытындыға келді. Атап айтқанда, қазақстандық БАҚ, соның ішінде «Диапазон» басылымы Наумцевтің әуесқойлық порно түсіргені туралы ақпаратты жазған болатын. Бірақ полиция бұл ақпаратты растамады. Талап арызында ол бұл ақпараттың шындыққа жанаспайтынын жазған. Оның айтуынша, осы материалға байланысты ол психикалық күйзеліске, эмоционалдық ауытқуларға тап болғанын айтад , – деп жазды газет.
Енді қызды өлтіргені үшін сотталған азамат моральдық шығынды өтеуді, жазылған материялдарды теріске шығаруды және оның барлық суреттерін БАҚ-тан алып тастауды талап етеді. Талап арыз Ақтөбедегі азаматтық сотта қаралады, алайда журналистердің бұл сотқа қатысуына тыйым салынды.
Дереккөз: orda.kz