$ 447.4  477.55  4.76

«Оқушы жетіспейді»: Қостанай облысында қаңырап қалған 13 мектеп жабылады

Әсіресе, ауылдардағы шағын жинақты мектептердің тағдыры қыл үстінде.

Өңірде жабылып жатқан мектептер саны жыл сайын көбейіп келеді. Биыл облыстық Білім басқармасының басшылығы бұлардың қатарына тағы 13 мектепті қосқалы отыр, деп хабарлайды Экспресс К.

Басқарма мәліметінше, қазір облыс бойынша 111 мектептегі оқушылар саны қалыпты деңгейден төмен. Әсіресе, ауылдардағы шағын жинақты мектептердің тағдыры қыл үстінде.

«Сондықтан, дәл өткен жылдағыдай, биыл да 13 мектеп жабылады. Атап айтқанда, Жангелдин, Б.Майлин және Қостанай аудандарында бір-бірден, Қарабалық және Сарыкөл аудандарында екеуден, Федоров ауданында төрт мектеп жұмысын тоқтатады. Бұл — мәжбүрлі шара. Мысалы биыл Сарыкөл ауданындағы мектепті қаңтар айында жабуға тура келді. Өйткені онда жалғыз бала оқып жатты. Кейін ата-анасы оны басқа мектепке ауыстырып жіберді. Демек, бұл көші-қон процестерімен тікелей байланысты», — дейді басқарма басшысы Зәуре Бәйменова.

Дей тұрғанмен, ол мектептерді жабу ең ақырғы амал екенін айтады. Егер мұндай білім беру мекемелері анықталса, уақыт беріледі екен. Оқу ошағының «тамыр соғысын тыңдау» 10-15 жылға дейін созылуы мүмкін. Егер ахуал оңалмаса, орта мектеп негізгіге, ал негізгілер бастауышқа көшіріледі. Егер еш мүмкіндік қалмаса, мекеме жабылып, оқушылары көрші елдімекендердегі мектептерге ауыстырылады. Ал оқушылар тасымалын қамсыздандыру жіті бақылауда.

«Қазір өңірде осы бағытта 148 автокөлік қызмет көрсетеді. Автопаркті жыл сайын жаңартып отырамыз. Былтыр 18 автобус сатып алдық. Биыл тағы 30-ы әкелінбек. Олар жоғарыда аталған аудандарға бөлінеді. Егер ауылдар тым қашықта болса, оқушылардың мектеп жанындағы интернаттарда жатып оқуына мүмкіндік бар. Қазір мұндай жиырма интернат жұмыс істеп тұр. Бәрі жөндеуден өткен», — дейді З.Бәйменова.

 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары