Қаржылық мониторинг агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті «АӨК дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған» бағдарламасы аясында бөлінген бюджет қаражатын жымқыру фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеуді аяқтады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
"Өңір тұрғыны 2020 жылы сенімхаттар негізінде 2 шаруа қожалығы атынан Шымкент қаласының Ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасына асыл тұқымды қой сатып алуға және жем-шөп шығындарын өтеуге 13,5 млн теңгеге өтінім берген. Алайда, сотқа дейінгі тергеу аясында асыл тұқымды қойлар сатып алынбағаны, алынған бюджет қаражаты жеке қажеттіліктерге жұмсалғаны анықталды", – делінген агенттік хабарламасында.
Келтірілген залал толық өтелді.
Сот үкімімен аталған азамат кінәлі деп танылып, оған 5 жылға шартты түрде бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.