$ 498.34  519.72  4.85

Атырауда браконьерлік асқынып тұр

Тек өткен алты айдың өзінде ғана браконьерлерге қатысты 144 іс сотқа жолданды.

Атырауда алты айда браконьерлерге қатысты 144 іс сотқа жолданды. Бұл туралы Жайық-Каспий облысаралық балық шаруашылығы инспекциясының бас маманы Темірхан Оңайбаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Оның айтуынша, облысаралық инспекция қызметкерлері балық қорғау заңнамасы талабын сақтамаған 1 165 құқық бұзушылық фактісін анықтаған. Осыған байланысты 649 адамға қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырылған. Ал, 505 хаттамаға қатысты іс аумақтық уәкілетті органда қаралса, 144 іс әкімшілік сотқа жолданған.

«Биыл 642 балық қорғау заңнамасын бұзушыға 14 млн 414 мың теңгенің әкімшілік айыппұлы салынды. Оның ішінде мемлекет пайдасына 550 құқық бұзушыдан 10 млн 913 мың теңге өндірілді. Балық ресурстарына келтірілген зиян үшін 14 құқық бұзушыға 592 мың теңге сомасында талап берілді. Біздің инспекторлар прокуратура, полиция, шекара қызметі және көліктік бақылау инспекциясы секілді мемлекеттік органдармен балық қорғау заңнамасын бұзушылықтардың алдын алу жөніндегі бірлескен іс-әрекет жүргізіп, соның нәтижесінде кейбір көрсеткіштерді төмендету мүмкін болды», - дейді Темірхан Оңайбаев.

Құқық және табиғат қорғау органдарымен бірлесе жүргізілген рейдтік іс-шара кезінде заңсыз айналымнан 7 тонна 378 келі балық тәркіленген. Оның ішінде 688 келі бекіре тұқымдас бағалы балық түрлері бар. Табиғат қорғау заңнамасын бұзушылардан 543 балық аулау құралы, 113 көлік пен жүзу құралы алынған. Сондай-ақ, су айдындарынан 1 814 дана иесіз ау, қармақ сияқты құралдар табылған. Еске сала кетелік, бұдан бұрын браконьерлерден 21 тонна балық тәркіленіп, 20 млн теңгеге жуық айыппұл салынғанын жазған едік.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары