«Алтын орда» базарында төбелестен кейін комаға түсіп, ауруханада көз жұмған 23 жастағы Қайнар Біләлдің ата-анасы ұлының өліміне ақ халаттыларды айыптады.
Әлеуметтік желіге тарап, жалпақ жұрттың жағасын ұстатқан бейнежазбаны 14 маусым күні «Алтын орда» базарындағы куәгерлер түсіріп алған болатын. Онда ағатайлап жалынған жігіттің екі рет ауыр соққы алғаны анық көрінеді. Бірақ ол кезде Қайнар Біләл 500 мың теңгенің телефоны үшін бақилық боламын деп ойламаған да еді.
«Көмектесетіндей ешкім ештеңе түсінбей қалды. «Ағатай, телефонымды бер» деп жалынып жатыр. Оның қолында пышақ болды ғой. Қыздар көмектесті», – дейді куәгер.
«Алматы» телеарнасының хабарлауынша, басына тиген ауыр соққыдан ауруханада көз жұмған жас жігітті жақындары күні кеше ақтық сапарға аттандырды. Туыстары, әсіресе марқұмның жары Шынар Дәулетқызы кісі өліміне себепкер болған күдіктіге қатаң жаза қолдануды талап етіп отыр.
Қайнар Біләлдің қарашаңырағы қаңырап тұр. Қора қопсысын қалаберді осы үйдің қара жұмысын арқалаған азаматтың артында анасы мен жары қалды. Марқұмның анасының айтуынша, 6 күн бойы ауруханада жатқан ұлына дер кезінде дұрыс ем жасалғанда тірі қалар еді. Ол «Басындағы ұйыған қанды о баста алып тастауға болатын еді ғой» деп қынжылады.
«Талғардың дәрігерлеріне айтар шағымым бар. Баламды дұрыс қарамады. Есіктің алдындағы итіңді де сылап-сипайсыңдар ғой, сонда балам ит құрлы болмады ма? Әбден бес-алты күн болғаннан кейін өзге дәрігерге жіберген», – дейді марқұмның анасы Пәтігүл Мұзартбекқызы.
Асыраушысынан айрылған ананың арызын естіген ақ халаттылар 6 күнде жағдайы қанағаттандырарлық болған соң облыстық ауруханаға жөнелтуді жөн санадық деген жауап берді.
«Келген кезде жағдайы орташа ауыр болды. Сол жақ бет сүйектерінің сынуы диагнозымен жатқызылған. 14 маусымнан 20 маусымға дейін 6 күн осында травмотологияда жатып, жағдайы қанағаттандырарлық болғасын келісіліп, Облыстық ауруханада ота жасауға ауыстырылған», – деді Талғар аудандық орталық ауруханасы бас дәрігерінің емдеу ісі бойынша орынбасары Бақыт Жәмеков.
Еске салсақ, бұған дейін «Алтын Орда» базарында ұялы телефон ұрлығы үшін болған төбелестен кейін 23 жастағы жігіт қайтыс болғанын хабарлағанбыз. Ауыр соққыға жығып өлтірді деп күдікке ілінген Жамбыл облысының 28 жастағы азаматы қамауға алынды.