Тараздағы алып өндіріс «Қазфосфат» зауытында техникалық апат болып, одан шыққан қою түтін қала көшелеріне жайылды. Осыған байланысты облыстық экология департаментінің мамандары кәсіпорын жұмысын уақытша тоқтатпақ. Себебі, ауаға тараған күкірт сутегінің мөлшері шамадан тыс болып шыққан.
Бұл жағдай тәулігіне екі рет қайталанған. «Астана» телеарнасының мәліметінше, зауыт өкілдері олқылық қалпына келтірілді, керек болса, түтіннің адам ағзасына еш зияны жоқ деп ақталып жатқанға ұқсайды.
«Күкірт оксидтері бар. Бірақ оның өз мөлшері болады ғой. Санитарлық аумақтарды қаланың маңында ондай өзінің мөлшерінен асып кеткен жағдайы болған жоқ. Құбырларды да зерттедік. Ол тек қана біздің лаборотория емес, мынау экология департаментінің лабороториясымен қосылып жасалған болатын», дейді «Қазфосфат» ЖШС бас экологы Арман Қарағалиев.
Қою түтінге тұншығып, тамағы ашып, тынысы тарылған тараздықтар екі кештің ортасында не болғанын түсіне алмай дал. Кеше кешкі сегізден кейін табан асты қаланың батыс бөлігі мен орталығын қою түтін басып, бұқараның зәре құтын қашырды. Не болғанын түсіне алмаған жұрт, айналасын ұялы телефондарына түсіріп желіге жүктеді. Тіпті бас сауғалап үйлеріне қаша жөнелген.
Артыншы құзырлылар іргедегі Қазфосфат зауытында төтенше жағдай болғанын хабарлады. Құбыр істен шығып, құрылғы бұзылған. Осының салдарынан кәсіпорындағы тұтас бір цех жұмысын тоқтатты. Қазір штаттық режимде жұмыс істеп тұр.
Жайылған қою түтінге қатысты арнайы құрылған жұмыс тобының қорытындысымен көпшілік келіспейді. Себебі, кешелі-бері тұрғындардың тамағы ашып, көздері жасаураған. Облыстық экология департаментінің мамандары зауыт сыртынан сынама алған. Осылайша күкірт қышқылының шамадан тыс ауаға тарағанын анықтаған. Алайда алып өндіріс ошағының ішіне кіріп тексеріс жүргізуге қауқарсыз. Оған прокуратураның келісімі керек екен.
«Санитарлық қоғау аумағынан сынама алынып ол жерде күкірт сутек зиянды заттар анықталып, нормадан тыс асқаны анықталды. Қазіргі таңда жоспардан тыс тексеру әзірленуде. Зерделеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жөндегенге дейін зауыт жұмысын мүлдем тоқтататын шығармыз уақытша», деді Жамбыл облысы экология департаментінің жетекшісі Серік Нұрбаев.
Төтенше жағдайдың себеп салдарын енді арнайы құрылған топ анықтауы тиіс. Олар алдағы уақытта жоспардан тыс тексеруді бастамақ. Тексерудің нәтижесімен жақын күндері жария етпекші.