Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі еліміздегі құрылыс нарығында қымбатшылықтың қолдан жасалып отырғанын хабарлады. Елдегі 15 ірі құрылыс компаниясы пәтерлердің бағасын негізсіз 20 пайызға қымбаттатқан. Олардың 14-і әкімшілік жауапкершілікке тартылса, біреуіне қатысты тергеу жүріп жатыр.
Өзара келісе отырып, баспана бағасын қымбаттатқан компаниялар арасында белгілі «Базис-А» мен «Bi Group», Астана қаласындағы «Орда Строй Групп» ЖШС, Шымкенттегі «Отау Строй» ЖШС және «Достық Инвест групп» ЖШС. Сондай-ақ, Қарағанды, Ақтөбе және Шығыс Қазақстан облыстарында да бірқатар ірі құрылыс компаниялар бар.
"Оларға тұрғын үй нарығында бағаны белгілеу және (немесе) қолдау бөлігінде бәсекелестікке қарсы келісілген іс-әрекеттерден көрінеді. Бұл компаниялардың атына бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнаманы бұзу белгілерін жою және бағаны төмендету қажеттілігі туралы хабарламалар жіберілді. Оның 14-і орындалды"- делінген ведомство сайтындағы хабарламада.
Елордадағы “Орда Строй Групп” серіктестігі, агенттіктің ескертуіне құлақ аспағандықтан, қазір тергеу жүріп жатыр. Ал қалған құрылысшылар ескертуден кейін баспана бағасын 15-20 пайызға төмендеткен.
Нақты айтар болсақ, РАМС-Қазақстан компаниялар тобы Алматыдағы бірқатар тұрғын үй кешендерінің бағасын 15%-ға немесе шаршы метрі 90 мың теңгеге төмендетті. Шымкентте DOSTYK INVEST GROUP пен «Отау групп» 300-ден 270 мың теңгеге дейін төмендетті. Өскемендегі «Достар май» компаниясы тұрғын үйдің жайлылығы мен қабаттылығына байланысты шаршы метрді 350 мың теңгеден 220-280 мыңға дейін түсірді, - дейді тұрғын үй бағасының төмендеу мысалдарын келтірген агенттік.