$ 494.87  520.65  4.91

Атырауда мыңнан астам еділбай тұқымды қой тірідей жанып кетті

Ауыл тұрғындарының айтуынша, өрт Ресей Федерациясындағы Астрахань облысының аумағында тұтанған. Кейін Атырау облысына жайылған.

Атырау облысында 1 мыңнан астам еділбай тұқымды қой тірідей жанып кетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Өрт Құрманғазы ауданының Сүйіндік ауылдық округіне қарасты Жалғызапан ауылына жақын маңында болған. Жалыннан «Сүйіндік қой зауыты» ЖШС-нің 1 мыңнан астам еділбай тұқымды қойы тірідей жанып кеткен.

Ауыл тұрғындарының айтуынша, өрт Ресей Федерациясындағы Астрахань облысының аумағында тұтанған. Кейін Атырау облысына жайылған.

Серіктестіктің шопаны Уәлихан Қабдрахмановтың айтуына қарағанда, үйіне жақындаған кезде жел күшейіп, өрт өршіген. «Өзім балалар жатқан үйге әрең жүгіріп жеттім. Үйдің айналасындағы шөп жанып кетті. Соның салдарынан 1 039 қойдан айырылдым. Оның ішінде өз иелігімдегі малым да бар», -дейді Уәлихан Қабдрахманов.

Құрманғазы ауданының төтенше жағдайлар бөлімінің мәліметінше, құрғақ шөп өртенген. Ресей Федерациясының аумағынан тараған өртті сөндіруге 30 адам мен 4 техника тартылған. Жалынды ауыздықтауға Сүйіндік және Жалғызапан ауылдарының тұрғындары да атсалысқан.

«Құрғақ шөптің өртенуінен «Сүйіндік қой зауыты» ЖШС-нің 1 мыңнан астам еділбай тұқымды қойы жанып кетті. Соңғы аптада ауыл маңында үш рет өрт тіркелді. Өртке күннің қатты ысуы себеп болып отыр», -дейді Сүйіндік ауылдық округінің әкімі Қанат Құлшаров.

Өртенген 1 мыңнан астам қойдың өлексесі Жалғызапан ауылы маңынан қазылған шұңқырға көмілген. Қазір өрттен келген шығын көлемі есептеліп жатыр. Еділбай тұқымды қойының салмағы 145 келіге дейін тартады. Төрт айлық қозысының салмағы – 40-45 келі. Бұл құйрықты әрі етті қой тұқымына жатады.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары

Тегтер:

#Атырау #өрт