Шығыс Қазақстан облысында 13 жыл бойы қос азаматтықпен жүрген ер адам анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, көші-қон қызметінің мамандары қос азаматтықтың кезекті фактісін анықтады. Бородулиха ауданында тұратын 55 жастағы ер адам Ресей Федерациясының азаматтығын 2009 жылы алса да, ол туралы күні бүгінге дейін тіс жармай келген. Осылайша, көрші елдің азаматы 13 жыл бойы Қазақстан аумағына кірген кезде ҚР азаматының құжаттарын пайдалануды жалғастырған.
«Оған ҚР ӘҚБтК-нің 496-бабы 1-бөлігі бойынша 100 АЕК мөлшерінде айыппұл салынды. Қазақстан Республикасы азаматтығынан айырылған шетелдіктен жеке куәлігі мен паспорты тәркіленді», - дейді облыстық ПД бастығының бірінші орынбасары Елдос Закимов.
Айта кетсек, жыл басынан бері Шығыс Қазақстанда азаматтық туралы заңнаманы бұзғаны үшін 40 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған.