Қырғызстанда қазақстандық жеңіл атлетика жаттықтырушысын көлік қағып өлтірді, - деп хабарлайды Kaktus.media.
Басылым мәліметінше, 16 шілдеде Ыстықкөлдегі Бұлан-Сөгеті (Комсомол) ауылында жеңіл атлетикадан жаттықтырушы Мұрат Жүзгенбаевты көлік қағып кеткен. Оқиға куәгерлерінің айтуынша, ер адам оқушысы жүгіріп жүрген кезде велосипедпен қасында келе жатқан. Қыз аман-сау.
Ыстықкөл облыстық ІІБ баспасөз қызметі өкілі жол апаты таңғы сағат 7.40 шамасында болғанын айтты. Кезекші бөлімге Бұлан-Сөгеті және Бөстері ауылдары арасында жол-көлік оқиғасы болғаны туралы хабарлама келіп түскен.
"Оқиға орнына шыққан жедел-тергеу тобы Бішкектің 41 жастағы тұрғыны У.А. Lexus-330 автокөлігімен шығыстан батысқа қарай, Балықшы-Ананьево-Қаракөл тасжолының 97-шақырымында Григорьевка ауылының 40 жастағы тұрғыны П.И. тізгіндеген Nissan Micra автокөлігімен соқтығысқанын анықтады. Осыдан кейін жол жиегінде келе жатқан 58 жастағы Мұрат Жүзгенбаевты қағып кеткен. Салдарынан Қазақстан азаматы оқиға орнында көз жұмды", - деді аймақ полицейлері.
Бұл дерек Ыстықкөл ауданының Ішкі істер басқармасында тіркелген. Барлық жиналған материал тергеуге жіберілген.
Айта кетейік, Мұрат Жүзгенбаев Алматы облысында жеңіл атлетикадан аға жаттықтырушы болған. Ол 2012 жылы Жеңіл атлетика федерациясының үздік ондығына кірген.