"Құрманғазы ауданында өртенген мал сақтандырылмаған, демек, иелері мүлкі үшін өтемақы ала алмайды", - деді онлайн брифинг барысында облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Азамат Айтқалиев деп хабарлайды Ақжайық сайты.
«Сүйіндік қой зауыты» ЖШС-на айтарлықтай зиян келген – бір отар асыл тұқымды Еділбай қойы.
- 516 бас қой өртеніп кетті, 504 бас өңдеуге жіберілді, 13 бас қой жоғалды. Сонымен қатар, 2 бота өртеніп, 1 түйені союға тура келді. Жалпы шығын есептеліп жатыр, – деді А.Айтқалиев.
Өртену фактісінің өзін Төтенше жағдайлар департаменті мониторинг жүргізу барысында кездейсоқ анықтады, кәсіпорын басшылығы әлдебір себептермен бұл туралы ешқайда хабарламаған.
- Бізге белгілі болғандай, елді мекен тұрғындары өртті өздері, автоцистерналар мен тракторлардың көмегімен сөндірген. Жалпы өрт маусымы басталғалы, дәлірек айтсақ, 4 сәуірден бері орманды дала массивтерінде 5 өрт оқиғасы орын алды, жалпы өртке оранған аумақ 1860 гектарды құрайды, – дейді ТЖ департаментінің бас маманы Дәурен БЕРДЕНОВ.
Соңғы мәліметтер бойынша, өрт ошағы Батыс Қазақстан облысының Бөкейорда ауданынан шығып, біздің Құрманғазы ауданының аумағына тараған. Өртке қатысты басқа егжей-тегжейін және жұртшылық неліктен бұл туралы жарты айға жуық уақыттан кейін білгенін спикерлер айта алмады.
Материалды көшіріп басқанда және басқаша пайдалану кезінде azh.kz сайтына гиперсілтеме міндетті түрде қойылуы тиіс. Сондай-ақ ВК, Instagram пабликтерінде жариялауға тыйым салынады.