17.07.2022, 23:39

Ақтөбе облысында жанармай құю бекетінде жойқын жарылыс болды

Алға қаласындағы Абай көшесінің бойында орналасқан "ЛиманГаз" жанармай құю бекетінде жарылыс болған. Бірнеше көлік өртенді.

Жанармай бекетімен бірге бірнеше көлік өртеніп кетті, деп хабарлпайды Экспресс К.

Ақтөбе облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің мәлімдеуінше, Алға қаласындағы Абай көшесінің бойында орналасқан "ЛиманГаз" жанармай құю бекетінде жарылыс болған. Жанармай құю бекетінде сыйымдылығы 46 текше метр болатын екі цистерна жарылған. Облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің кезекші пультіне хабарлама 17 шілде күні сағат 18:50-де түскен.

"Құрамында 26 адам мен 7 техника бар қызметкерлер жедел түрде шақырту орнына жетті", - деп хабарлады департамент.

Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері өрт аймағынан екі техника мен көлемі 10 және 54 текше метрлік екі контейнерді шығарды.

Абырой болғанда қаза тапқандар мен зардап шеккендер жоқ. Өрт 19:44-те оқшауланып, 20:02-де толық сөндірілді, - делінген облыстық ТЖД таратқан хабарламада.