18.07.2022, 10:20

Қайрат Сатыбалды мен Қайрат Боранбаевтың шетелге заңсыз шығарған активтері қайтарыла бастады

Қайрат Сатыбалдыұлы, Гүлмира Сатыбалды, Қайрат Боранбаев және «ӨКМ операторы» (Оператор РОП) ісіне қатысты кей деректер белгілі болды.

Экономикалық ресурстардың заңсыз шоғырлануына қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссия сыртқа заңсыз шығарылған активтерді елге қайтару бағытында атқарылған шаруалар туралы ресми мәлімет берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Комиссия ірі көлемде, оның ішінде шетелде ақшаны жылыстату белгілері бар ең резонанс істерді тергеу ерекше бақылауда екенін атап өтті. Бұл Қ.Сатыбалдыұлына, Г.Сатыбалдыға, Қ.Боранбаевқа, «ӨКМ» ЖШС операторының басшыларына қатысты және басқа істер. Қазіргі уақытта тергеу органдары қабылдаған шаралар бойынша 230 миллиард теңгеге жуық шығын өтелді, оның ішінде шетелдік юрисдикциялардан қайтарылды», - деп жазылған комиссияның мәліметінде.

Сондай-ақ, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет тергеп-тексеріп жатқан іс бойынша айыпталушылар Люксембургтен 170 млн АҚШ долларын өз еркімен қайтарған.

Боранбаевқа қатысты істі тергеу барысында «ҚазМұнайГаз» АҚ Қаржы мониторингі агенттігінің 11,3 миллиард теңгеге жуық шығынды өтегені аталып өтті.

«Тергеп-тексеру органы «Қазақтелеком» АҚ, «Көліктік сервис орталығы» АҚ және басқа мүлікті жымқыру істері бойынша шамамен 36 млрд теңгені өтетті. ӨКМ Операторы ісі бойынша шамамен 180 млрд теңгені жымқырудың жолы кесілді («ӨКМ» ЖШС шотынан «Жасыл Даму» АҚ-ның (мемлекеттік ұйым, «ӨКМ Операторы» ЖШС акцияларының 100%-ына иелік етеді) шотына аударылды), оның шамамен 100 млрд теңгесі жеңілдікті автонесиелеуге бағытталды», - делінген ресми ақпаратта.