Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақов Ақтоғай ауданының тұрғыны Андрей Карандашовқа алғыс айтып, үш бөлмелі пәтердің кілтін сыйлады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Бір отбасының жеті жасар егіз ұлы мен олардың тоғыз жасар ағасы Ертіске батып кете жаздаған. Ауылдастары Андрейдің жедел әрекетінің арқасында балалардың үшеуі де аман қалды. Ол балдырғандарға оқиға орнында алғашқы медициналық көмек те көрсеткен.
33 жастағы Андрей Карандашов Ақтоғай ауданы Приреченск ауылының тумасы. Демалыс күні өзенге балық аулауға барғанда суға батып бара жатқан үш баланы көрген.
- Қармағыма балық түспеді. Үйге қайтайын деп жатқанда, үш балаға көзім шалды. Айқайлап едім, жауап болмады. Сол сәтте олардың ес-түссіз болғанын білдім. Олар жағадан 10 метрлік жерде қалқып жатты. Үшінші бала су түбіне түсіп кетіпті. Абырой болғанда, ұстап алып, шығардым. Екі ұл бала есін бірден жинады, үшінші балаға жасанды демалу мен жүрек массажын жасадым. Ағайынды балаларда кезек кезек жағаға шығардым, - дейді Андрей Карандашов.
Облыс әкімі Андрей Карандашовқа «Облыс алдында сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісі мен үш бөлмелі үйдің кілтін сыйлап, ерлігі үшін алғыс айтты.
«Бұл - ерлік қана емес, біз үшін баға жетпес және сіз құтқарған балалар үшін аса маңызды нағыз қаһармандық әрекет. Өңірімізде сіз сияқты азаматтар болғанына мақтанамын. Ата-анаңызға өзіңіздей еліміздің адал азаматын тәрбиелегені үшін көп рахмет. Сізге өңір тұрғындарының атынан алғыс айтамын», - деді Әбілқайыр Сқақов.
Андрей Карандашов отбасында екі бала тәрбиелеп отырған әке. Қазіргі кезде «Ақтоғай-Агро» ЖШС-де жұмыс істейді. Осы уақытқа дейін оның отбасы жалдамалы үйде тұрған еді. Бұған дейін отыз үш жасар ауыл тұрғынын Павлодар облысының төтенше жағдайлар департаментінде және Ақтоғай ауданының әкімдігі марапаттаған еді.