Бәйдібек ауданындағы Боралдай ауылында ауыз су құбырынан жылан шықты. Бұған қатысты "Бәйдібек-Су" мекемесінің мамандары түсініктеме берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Айта кетейік, Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшалардың бірінде ауыл тұрғындарының су құбырынан жыланды алып жатқаны жайында видео тарады.
"Біздің колонкаға судың құбырымен жылан келіп тұр. Су келмей қалған соң, аштық. Сасып кеткен. Ішіп отырған суымыздың нәтижесі осы. Таңертең суды жылқы ішпей қойған" - дейді ауыл тұрғыны. Мамандар оқиға орнында болып, зерттеу жұмыстарын жүргізгенін хабарлады.
"Боралдай ауылының тұрғыны жеке ауласындағы су есептегіш құралын "Бәйдібек су" мекемесінің рұқсатынсыз және қай уақытта алып тастағаны беймәлім. Тексеру барысында және видеодан көрініп тұрғандай су есептегіш құралы болмағандықтан ашық тұрған су құбырына жылан басымен сырттан кіріп тұр. 17 шілде күні Боралдай елді мекенінің ауыз су жинайтын резервуары мен құбырларының суы толық төгіліп, бүгінде "Бәйдібек су" мекемесі тарапынан залалсыздандыру (хлорлау) жұмысы жүріп жатыр", - дейді "Бәйдібек-Су" баспасөз хатшысы Абзал Әбдіназар.