Бас прокуратура делегациясы АҚШ жасаған жұмыс сапары кезінде америкалық Әділет департаментінің басшылығымен, ФБР және Дүниежүзілік банк өкілдерімен кездесті, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Тараптар нақты қылмыстық істер бойынша ынтымақтастықты нығайту, сұрау салуларды электрондық форматта беру, киберқылмыспен күрес саласында тәжірибе алмасу, сотталғандарды ұстап беру туралы шарттар жасасу мәселелерін талқылады.
"АҚШ Әділет департаментінің өкілдері қылмыстық активтерді іздеуге және АҚШ-тан Қазақстанға қайтаруға көмектесуге әзір екенін мәлімдеді", – делінген хабарламада.
Тараптар бірлескен күш-жігермен ғана трансұлттық ұйымдасқан қылмысқа және қылмыстық кірістерді жылыстатуға қарсы тиімді күрес жүргізуге болады деген өзара пікірге келді.
Бұдан бөлек, Қазақстан делегациясы Дүниежүзілік Банктің "StAR Initiative" (Ұрланған активтерді қайтару бастамасы) жобасының өкілдерімен кездесті.
"Дүниежүзілік банкпен Қазақстанның шетелге, оның ішінде офшорлық юрисдикцияға шығарылған қылмыстық жолмен табылған активтерді қайтару бойынша күш-жігерін қолдау және ынтымақтастықтың көрсетілген бағыты бойынша прокурорлар мен тергеушілер үшін тренингтер өткізу мәселелері талқыланды", – делінген хабарламада.
Кездесу қорытындысы бойынша қос тарап өткен диалогқа қанағаттанушылық білдіріп, одан әрі өзара іс-қимыл бойынша бірлескен қадамдарды белгіледі.