Павлодар мектебіне Әлихан Бөкейханның бюстін дайындау үшін кәсіпкерден пара алған шенеунік кінәсін мойындады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Павлодар облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және мұрағат ісі басқармасының басшысы Самал Бегалинова 1 млн теңге пара алды деген күдікке ілінген болатын. Ол аталған сомаға компаниямен Павлодар мектебіне Әлихан Бөкейханның бюстін дайындау және оны кедергісіз қабылдау туралы шарт жасасқан.
- Сот Самал Бегалинованы Қылмыстық кодекстің 366-бабының 2-бөлігі бойынша қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп таныды және оған 3 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру түрінде жаза тағайындады. Сондай-ақ мүлкін – сыбайлас жемқорлыққа қарсы комитеттің облыстық департаментінің заттай дәлелдемелерді сақтау камерасында тұрған миллион теңгені тәркілеу туралы үкім шығарды, - деп хабарлады №2 Павлодар сотының судьясы Әсемқоңыр Сайран.
Сондай-ақ, Бегалинова өмір бойы мемлекеттік қызметте, жергілікті өзін-өзі басқару органдарында, Қазақстанның Ұлттық Банкі мен оның ведомстволарында қызмет атқару құқығынан айырылды.
Экс-шенеуніктің өзі жалғыз тәрбиелеп отырған 2 баласы (4 және 12 жастағы) болуына байланысты бас бостандығынан айыру жазасын өтеуі 5 жылға (ҚК 74-бабының 1-бөлігі негізінде) кейінге қалдырылды. Ол жазасын қауіпсіздігі орташа қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өтемек.