Елордада лифт ішінде дәрет сындырған медицина қызметкері 5 тәулікке қамауға алынды. Нұр-Сұлтан қалалық сотының баспасөз қызметі мәліметінше, оған ӘҚБтК 434-бабы 1-бөлігі «Ұсақ бұзақылық» бабы бойынша әкімшілік іс қозғалған.
«Сот отырысы барысында құқық бұзушы өз кінәсін толық мойындап, жасаған ісіне өкінді. Әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сот оны қоғамға әдепсіздік танытқаны және қоғамдық тәртіпті бұзғаны үшін ӘҚБтК-нің 434-бабының 1-бөлігі бойынша құқық бұзушылық жасағанына кінәлі деп танып, 5 тәулік мерзімге әкімшілік қамауға алды», - делінген сот хабарламасында.
Қаулы заңды күшіне енген жоқ.
Айта кетейік, бұдан бұрын желіде елордалық тұрғын үй кешендерінің біріндегі лифтіде дәрет сындырған медицина қызметкері видеоға түсіп қалған. Елордалық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі видеодағы ақ халаттының қалалық емханадағы жылжымалы бригаданың қызметкері екенін мәлімдеді. Алайда емхана басшылығының айтуынша, ол 15 шілдеден бері мекемеде жұмыс істемейді.