$ 498.34  519.72  4.85

«Үйге қан-жоса болып келіп, жедел жәрдем шақырттым»: Атырауда журналистке шабуыл жасалды

Ол оқиғаны кәсіби қызметімен байланыстырады.

Атырауда белгісіз ер адам журналист Олеся Вертинскаяға шабуыл жасаған. Оқиға бейнебақылау камераларына түсіп қалған, деп хабарлайды "Хабар 24" телеарнасы.

Оқиға 19 шілдеде таңертең Жұмыскер шағынауданында болған.

Жәбірленушінің айтуынша, белгісіз біреу оған жақындап, көмек сұраған, содан кейін бірнеше рет ұрған. Оны сол маңнан өтіп бара жатқан куәгер құтқарып қалған. Вертинскаяның мұрны сынған.

"Пышағы бар ма екен деп қалтасына қарағанымда, мұрнымнан ұрды. Мен айғайлап жібердім. Мені естіген куәгер жүгіріп келді, ал шабуылдаған ер адам қашып кетті. Үйге қан-жоса болып келіп, балама жедел жәрдем шақырттым. Кейін ауруханаға жеткізілдім", - деді журналист.

Ол оқиғаны кәсіби қызметімен байланыстырады. Бұған дейін Олесяға белгісіз нөмірден қоқан-лоққы жасалған хабарламалар келген.

Қазіргі уақытта күдіктіні анықтау жұмыстары жүргізіліп жатыр.

"Дерекке қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 293-бабы 1-бөлігі "Бұзақылық" бойынша тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Басқа мәлімет ҚР Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 201-бабына сәйкес жариялауға жатпайды", - делінген Атырау облыстық Полиция департаменті хабарламасында.

 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары