Ер адамның мұндай қадамға баруына Түркістан облысы сотының ағасына қатысты әрекеті себеп болған. Нұр-Сұлтанда Жоғарғы сот ғимаратының алдында өзін өртеп жібермек болған ер адам қамауға алынды. Ол осылайша ағасына қатысты істің әділетсіз жүргізілуіне қарсылық білдірген.
Оқиға 20 шілдеде болды, деп хабарлайды Нұр-Сұлтан қаласы сотының баспасөз қызметі. "М. есімді азаматтың түсініктемесі бойынша, ол Түркістан облысының бірінші сатылы сотында қаралып жатқан қылмыстық іс бойынша жәбірленушінің ағасы", - деп нақтылады сот.
Құқық қорғау органдарының қызметкерлері жедел әрекет етіп, төтенше жағдайдың алдын алды. Кейінірек ер адамға қатысты Әкімшілік құқықбұзушылықтар туралы кодекстің 434-бабы 1-бөлігі "Ұсақ бұзақылық" бойынша әкімшілік өндіріс басталды.
"Нұр-Сұлтан қаласы әкімшілік құқықбұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты М.-ді кінәлі деп танып, 5 тәулікке әкімшілік қамауға алды", -делінген хабарламада.
Қамауға алу түріндегі жазаны тағайындау кезінде сот ұсталған адамның мұндай әрекетке қасақана барғанын және қоғамдық тәртіпке теріс әсер еткенін ескерді. Қаулы заңды күшіне енген жоқ.