$ 498.34  519.72  4.85

«Зерде» холдингі 5 жылда 7 млрд теңге шығынға батқанын мәлімдеді министрлік

Холдинг бұған дейін шығынмен жұмыс істеп келген.
Фото: ашық дереккөзден
Фото: ашық дереккөзден

«Зерде» холдингі объективті және субъективті себептерге байланысты Ақпараттық коммуникациялық технологиялар саласын дамытудың толыққанды институты ретінде қалыптаса алмады. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі осындай мәлімдеме жасады.

«Бүгінде «Зерде» холдингі дербес табыс әкелмейді және өз кезегінде мемлекеттен Электрондық үкіметтің ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымы операторының функцияларын жүзеге асыруға тапсырыстар алатын «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ-ның дивидендтері есебінен қаржыландырылады», - делінген министрліктің баспасөз қызметі таратқан мәліметте.

Яғни, холдинг бұған дейін шығынмен жұмыс істеп келген. Ведомство осы уақытқа дейін IT-қауымдастық тарапынан холдинг қызметіне байланысты айтылған сындарды орынды деген ұстанымда.

«Холдинг қызметі, бюджеттен бөлінетін қаражат көлемі және «ҰАТ» АҚ-ның қаржылық жағдайы, басқарушы холдинг пен еншілес ұйымдардың жұмысына кететін қаражат көлемі IT-қоғамдастық пен бақылау органдарының әділ сынына түсті. 2021 жылы «Зерде» холдингі табысының ұлғаюына Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Электрондық үкіметті зерттеуге берген тапсырыс әсер етті. Бұл «Зерде» холдингіне оң табыс әкелуге мүмкіндік берді, бірақ жылдың қорытындысы бойынша холдинг қызметі қайтадан шығынға әкеп соқты. 2016-2021 жылдар кезеңінде холдингтің жинақталған шығыны 7 млрд теңге болды», – делінген министрлік ақпаратында.

Еске салсақ, бұдан бұрын әлеуметтік желілерде “Зерде” холдингінің басқарма төрағасы Арман Әбдірасылов пен Мемлекеттік қызмет істері агенттігі төрағасының орынбасары Айнұр Серғазиеваның аймаласқан фотосы тарады. Редакция мұндай тендеңция мемлекеттік қызметкер этикасына қайшы емес пе деп сарапшыларға сұрау салған.

Көп ұзамай Әбдірасылов Серғазиевамен жақын қарым-қатынаста екенін мойындады. Десе де, оның лауазымды қызметке орналасуына қатысы жоқ екенін мәлімдеді.

Жуырда Үкіметтің кеңейтілген отырысында Қасым-Жомарт Тоқаев холдинг жұмысына қанағаттанбайтынын айтты.

15 шілдеде Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин кеше ғана президент сынаған «Зерде» холдингін таратып жіберуді ұсынды.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары