Алматыда түнгі уақытта жасыл желектерге биологиялық өңдеу жұмыстары жүргізілуде. Бұл туралы қалалық әкімдік мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Әлеуметтік желіде «Алматыда арнайы көлікпен коронавирус шашып жатыр» деген видео тарады. Алматы әкімдігінің мәліметінше, бұл ақпарат шындыққа жанаспайды. Сегіз аудан аумағында қаланың жасыл қорын сақтау және абаттандыру мақсатында мамандандырылған ұйымдар жапырақ жейтін және соратын зиянкестерден жасыл алқаптарды биологиялық өңдеу жұмыстарын жүргізуде.
Өңдеу қолдануға рұқсат етілген қауіптілігі төмен класты (Р-4) биологиялық және кейбір жағдайларда химиялық препараттармен жүргізіледі. «Оған микробиологиялық препарат «Битоксибациллин», «Актарофит» пайдаланылды. Бұл препараттың ерекшелігі «тірі» композиция болып табылады, оның құрамында токсиндер жоқ, оның белсенді заты - ақуыз кристалдары мен микробтық дақыл (Bacillus thuringiensis var. Thuringiensis). Препарат адамдар, аралар, жануарлар, құстар мен балықтар үшін қауіпсіз»,- деп хабарлады қалалық әкімдіктен.