Ол кафель төселген қатты еденге қарақұспен түскен, деп хабарлайды Экспресс К.
Жантүршігерлік жағдайдың бейнежазбасы әлеуметтік желіде тарады. Видеодан достарының отау құрып жатқан жігітті көтеріп алып, жоғары лақтырғаны көрінеді. Бірақ оны қағып алуға шамалары жетпей қалады. Ал биіктен түскен күйеу жігіт желке тұсымен тас еденге құлайды.
Бейресми мәліметтерде күйеу жігіттің сол сәтте көз жұмғаны жазылған. Ал оқиғаның қайда және қашан болғаны әзірге белгісіз.
Желі қолданушылары үйлену тойы кезінде күйеу жігітті аспанға лақтыру дәстүріне тыйым салыну керек дейді.
"Осы қайдан шыққан салт. Мұндай бізде жоқ қой", "Иманды болсын. Осындайды доғарту керек қой", "Ойыннан от шығады деген осы шығар", деп жазды пікір білдірушілер.
Бұған дейін Экспресс К дәл осы жағдайға ұқсас күйеу жігітті достары лақтырып, қағып ала алмай қалғаны туралы жазған болатын.