$ 448.15  483.46  4.86

Оңтүстіктен Оралға келген елу шақты адам уәде етілген жұмысқа орналаса алмады

Оларға жұмыс тауып беруге уәде берген делдалға әрқайсысы 150 мың теңге (шамамен 310 доллар) төлеген.

Бір апта бұрын Қызылорда және Түркістан облыстарынан Оралға жұмыс іздеп келген ондаған адам журналистер мен билікке шағым айтқан болатын, деп хабарлайды Alataunews.kz сайтының тілшісі Азаттық радиосына сілтеме жасап.

53 адам Батыс Қазақстан облысы Ақсай қаласындағы құрылыс нысанына вахта әдісімен жұмысшы болып орналасуға келген. Оларға жұмыс тауып беруге уәде берген делдалға әрқайсысы 150 мың теңге (шамамен 310 доллар) төлеген. Енді қазір делдалдың телефоны сөніп тұр.

Ер адамның сөзіне қарағанда, алғашқы күндері делдал жұмысшыларға автобус келіп оларды әкететінін, Ақсайдағы ISKER Consortium компаниясының құрылыс алаңына апаратынын жеткізген. Кейін ол телефонға жауап беруді қойған.

«Оралға келгеннен кейін Данияр (делдалдың аты) бізге күн сайын автобус ертең келеді деп құрғақ уәде берумен болды. Күнде «ертең, ертең» деп ертеңі бітпеді. Ал екі күн бұрын ол телефонын мүлде алмай қойды, хабарламаларға да жауап бермейді. Бұған дейін ол біраз күтуге тура келеді деген», – деді Түркістан облысынан келген Артық Бекмұратов.

Оның айтуынша, келгендердің біраз бөлігі бөтен қалада тұратын жері болмағандықтан үйлеріне қайтып кеткен. Қалғандары пәтер жалдауға немесе автовокзалдағы хостелдерде тұруға мәжбүр. Олар жұмыс беруді немесе делдалға берген ақшаларын қайтаруды талап етеді.

«Делдал бізге бұл ақша оқытуға жұмсалады, жұмысқа орналасу үшін міндетті түрде қажет деді. Ақша формаға, каска, қолғап және құжаттарды рәсімдеу үшін де жұмсалады деді. Ол бірінші жалақыда бірден қайтарылады деді. 28 күн істегеніміз үшін бізге 600 мыңнан астам жалақы төлеуге уәде берді», – деді Олжас Шаухарұлы.

Оңтүстіктен келген ондаған тұрғын делдалдан жауап күтпестен журналистерге шағымданды. Оқиға орнына Батыс Қазақстан облысының еңбек инспекциясының өкілі келді. Ол ер адамдарға инспекция атына арыз жазуға көмектесті.

«Нақты жағдайда еш көмек бере алмаймыз, бұл еңбек қатынасы емес – келісім жоқ, араласуға мүмкіндік те жоқ. Арызды полицияға береміз. Мұнда алаяқтық белгілері бар. Полиция қылмыстық іс қозғайды»,  – деді еңбек инспекциясының маманы Дастан Халел.

Полиция департаменті арыздардың тіркелгенін растады. Жұмысшылар делдалдың нөмірі деп берген телефон жауап бермейді.

Қазір оңтүстіктен келген тұрғындар полиция шешімін күтіп жүр, олар ақшаларын қайтарып аламыз деп те үміттеніп отыр. Тұрғындар кез келген уақытта вахтаға баруға даяр екендерін айтады.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары