$ 498.34  519.72  4.85

«Ислам даму банкі еліміздегі жобаларға 1,6 млрд доллардан астам инвестиция салды» – Тоқаев

Банк алдағы уақытта да бизнес, қаржы салаларындағы жобаларға, сондай-ақ инфрақұрылым мен коммуникацияларды жаңғыртуға қаражат бөлуді жалғастыруға ниетті.
фото: AkordaPress
фото: AkordaPress

Мемлекет басшысы Ислам даму банкінің президенті Мұхаммед Сулейман Әл-Джассерді қабылдады.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ислам даму банкінің басшысы Мұхаммед Сулейман Әл-Джассермен экономиканың түрлі салаларындағы бірқатар бірлескен жобалардың жүзеге асырылу барысын талқылады. Бұл туралы Ақорданың баспасөз  қызметі хабарлады.

Мемлекет басшысы Қазақстанның ТМД елдері ішінде Ислам даму банкімен серіктестік бағдарламасын бірінші болып әзірлеген ел екенін еске салды. Алматыда 25 жылдан астам уақыт бұрын орналасқан аймақтық кеңсе Шығыс Еуропа елдерінде, ТМД, Монғолия және Қытайда банк операцияларын үйлестіреді. Бұл Қазақстан мен Ислам даму банкі арасындағы жоғары маңыздылық пен өзара сенімді қарым-қатынасты білдіреді. 

Біз Банктің Қазақстан экономикасына көп жылдан бері көрсетіп келе жатқан қолдауын жоғары бағалаймыз. Ислам даму банкі ынтымақтастық орнатқан жылдар ішінде еліміздегі экономиканың басым секторлары мен әлеуметтік жобаларға 1,6 миллиард доллардан астам инвестиция салды, – деді Мемлекет басшысы. 

Әл-Джассер Мемлекет басшысына Банктің инвестициялар саласындағы саясат және алдағы кезеңдегі жоспарлары жөнінде айтты. Оның айтуынша, Ислам даму банкі бизнес, қаржы салаларындағы жобаларға, сондай-ақ инфрақұрылым мен коммуникацияларды жаңғыртуға қаражат бөлуді жалғастыруға ниетті.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысы Ислам ынтымақтастығы ұйымының Бас хатшысы Хиссейн Брахим Тахамен кездесті. 

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ислам ынтымақтастығы ұйымымен арадағы іс-қимылдар туралы айта келе, Қазақстанның Ұйым аясында мұсылман елдерімен ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге бейілді екенін нақтылады.

Сондай-ақ, Хиссейн Брахим Таханы Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VII съезіне қатысуға шақырды. Бұл форум биыл күзде Қазақстан астанасында өтеді.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары