Ұлттық банк биылдыққа осымен төртінші рет базалық мөлшерлемені көтерді.
Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Ақша-кредит саясаты комитеті базалық мөлшерлемені +/– 1,0 п.т. пайыздық дәлізімен жылдық 14,5% деңгейінде белгілеу туралы шешім қабылдады, деп хабарлайды бас банктің баспасөз қызметі.
«Нақты инфляция инфляциялық күтулердің жеделдеуі аясында болжамды көрсеткіштен едәуір асып түсті. Тұтынушылық бағалардың орнықты құрамдас бөліктері, сол сияқты бағаның жалпы деңгейі өсіп келеді. Биылғы мамырда және маусымда қалыптасқан инфляция шарықтау шегінен өтпегенін көрсетеді», делінген хабарламада.
2022 жылғы маусымда жылдық инфляция 14,5%-ға дейін жеделдеді. Барлық құрамдас бөліктер бойынша баға өсіп келеді – азық-түлік тауарлары (19,2%), азық-түлікке жатпайтын тауарлар (13,2%) және ақылы қызметтер (9,2%). Бұл жеткізу тізбегіндегі іркілістерге, сыртқы инфляциялық қысымның күшеюіне байланысты шығасылар инфляциясының өсуі, сондай-ақ фискалдық ынталандырудан қолдау тапқан жоғары сұраныс пен теңге бағамының әлсіреуінен туындап отыр.
«БІР ЖЫЛДА 24 ТРЛН ТЕҢГЕДЕН 30 ТРЛН ТЕҢГЕГЕ ЖЕТТІ»
Экономист Сапарбай Жобаевтың айтуынша, инфляцияның күшеюіне елдегі ақша массасының көбеюі әсер етіп отыр.
2021 жылдың басында елдегі ақша массасы 24 трлн теңге еді, қазір 30 трлн теңгені құрайды. Былтыр зейнетақы қорынан тастадық, тағы да басқа жобалар болды, нәтижесінде аз уақытта ақша 6 трлн теңгеге көбейіп кетті. Бұл өз кезегінде инфляцияны күшейтеді. Ал инфляцияны түсіру үшін Ұлттық банк базалық мөлшерлемені көтеріп отырғанын айтады экономист.
Базалық мөлшерлемені көтергеннен кейін бизнес арзан ақшаға қол жеткізуі қиындайды дегенмен экономист келіспейді. Оның айтуынша, елдегі бизнестің 50-60 пайызы өз ақшасына жұмыс істейді. 10-15 пайызы бюджет ақшасы, 10 пайызға жақыны бағалы қағаздар арқылы тартылатын ақша. Ал банктердің несиесі тек 5-10 пайызды ғана құрайды. Сондықтан 90 пайыз қаражат басқа жақтан келіп отырғанда банктің несиесі қымбаттап, бизнеске кедергі келтіреді деген дұрыс емес.
«Ұлттық банктің инфляциямен күресетін төрт құралы бар. Базалық мөлшерлемені көтеру, Ұлттық банктің ноталарын сату, банктердің резервтерінің мөлшерлемесін көтеру және валюталық реттеу. Қазір инфляцияны төмендету үшін базалық мөлшерлемені көтеруден басқа жолы жоқ», – дейді сарапшы.
«АҚША КӨП, ӨНДІРІС ЖОҚ»
Оның айтуынша, қымбатшылықтың басты себебі – елде ақша көп, бірақ өндіріс жоқ.
«Біздің жалпы ішкі өніміміз үш жылдан бері көбейген жоқ. Алдымен пандемия болды, одан кейін қаңтар оқиғасы болды, елде өндіріс тоқтап қалды. Осы кезде ақшаны көбейте беріп, өндіріс өспесе, әрине, сұраныс көбейеді де, баға өсіп кете береді. Сондықтан алдымен өндірісті, адамдардың еңбек өнімділігін көбейту керек», – дейді.
Экономистің айтуынша, Үкімет квазимемлекеттік компаниялардың басшыларының бонустарын көбейткенше, ол ақшаны өндіріске салуы керек.
«Бізде министрліктегілерге, депутаттарға, квазимемлекеттік ұйым басшыларына ақша көп жұмсалады да, нәтижесінде ақша массасы көбейіп, елде қымбатшылық болады. «Самұрық-Қазынаны» қысқартамыз деп жүргенімізге он жылдан асып кетті. Алайда соңғы бес жылда оған жұмсалатын шығын екі есе көбейіп кетті, – дейді Сапарбай Жобаев.