27.07.2022, 17:00

Судың да сұрауы бар: Ұлттық қордан мемлекеттік бағдарламаларға бөлінген қаржыға ревизия жасайтын күн туды

Ішкі және сыртқы нарықтардағы қарызды ескерсек, биылдың өзінде үкіметтік борыштың өтеуіне 2,8 трлн теңге қажет екен.

Сенатор Серікбай Тұрымовтың айтуынша, Қазақ үкіметінің бүгінге дейін жиналған сыртқы борышы, квазимемлекеттік секторды қоса алғанда 37 млрд АҚШ долларынан асады екен. Бұл дегенің Ұлттық қор активтерінің 67 пайызына тең. Бұл туралы тәуелсіз журналист Жеңіс Құспан өзінің Facebook парақшасында жазды, деп хабарлайды Skifnews.kz.

Ішкі және сыртқы нарықтардағы қарызды ескерсек, биылдың өзінде үкіметтік борыштың өтеуіне 2,8 трлн теңге қажет екен. 

Сонда деймін де, Жаңа Қазақстан Ұлттық қордан түскен қаражаттың түгеліне жуығымен 2019 жылға дейін алынған Ескі Қазақстанның қарызын жабуға мәжбүр болып отыр ғой.

Әрине, ол қаражат халық игілігіне жұмсалып, елдің әл-ауқаты көтеріліп, бүгін бюджетке түсетін салық еселенсе – құба-құп. Өкініштісі, тістегеннің аузында, ұстағанның қолында кеткен миллиардтардың әлі күнге сұрауы жоқтығында. 

Есіңізде болса, 2013 жылы БАҚ шу ете қалды. Әңгімесі 2011-де басталған арзан ноутбуктермен Қазақстанды жырғайды деген Ақтаудағы электроника өнімін шығаратын Caspiy Electronics зауытының ӨТІРІК боп шыққаны жаға ұстатты.

Сол кездегі тараған ақпаратқа сүйенсек, шығын 200 миллион теңге. Былай қарасаң кедейге қыруар ақша, байға бір түстік қана.

Бірақ Ақтаудағы пленшет зауыты – ҢӨҢнің төбесі ғана екен. 

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің 2018 жылғы таратқан ақпаратына сүйенсек, Ұлттық қордан бөлінген қаражаттың едәуір бөлігі талан-тараж болыпты.

СОНДА ҰЛТТЫҚ ҚОРҒА ҚОЛ СҰҚҚАНДАР КІМ?

Агенттіктің сол кездегі ресми өкілі Нұрлан Жахиннің айтуынша, 163 сыбайлас жемқорлық фактісі тіркелген. Оның ішінде мына бағдарламарға бөлінген қаражаттар қолды болған:

«Жұмыспен қамту және кәсіпкерлікті дамыту» – 37 млрд;  «2020 жылға дейін аймақтардың дамуына»  – 35 млрд тг; «Білім және ғылым»  – 32 млрд тг; «Нұрлы жол» – 15 млрд тг. 

Бұл қылмыстық істер бойынша 71 адам жауапқа тартылып жатыр. Барлығы 2018 жылдың 5 айында сыбайластыққа қарсы агенттік 1418 қылмыстық заңбұзушылық тіркеген, оның 72%-ы, яғни 1014-і сыбайластық, соған байланысы бар 500 адам анықталды, оның ішінде республикалық деңгейдегі басшылар бар. 51% (525) – пара алу және 37% (379) – қазына қаражатын ұрлау деп хабарлапты агенттік.

Бұл 2018 жылғы әңгіме. Оның бергі жағында COVID деген пәле шығып бұл мәселенің арты сұйылып кетті. Қазір тереңдетіп қазып қалсаң талай былықтың шығары анық. Әйтпесе, қаңтар оқиғасынан кейін Қазақстанды тастай қашқандар қай тапқанына (тыққанына) өмір сүріп жатыр? 

Сонда деймін де Қазақстандағы мемлекеттік бағдарламалар бойынша құрдымға кеткен жобалар мен қолды болған қаржының көлемі қанша, деп ешкім сұрамай ма?

КІМ ЕСЕПТЕЙДІ, КІМ ЖАУАП БЕРЕДІ? 

Мысалы, 2010 жылғы 19 наурыздағы № 958 Жарлығымен бекітілген «Үдемелі индустриялық-инновациялық дамыту» жөніндегі мемлекеттік бағдарламада былай жазылған: 

Бағдарлама мақсаты – экономиканы әртараптандыру және бәсекеге қабілеттілігін арттыру арқылы оның тұрақты және теңгерімді өсімін қамтамасыз ету.

Бағдарламаның негізгі міндеттері:

•    экономиканы әртараптандыру және оның бәсекеге қабілеттілігінің артуын қамтамасыз ететін басымдықтағы секторларын дамыту; •    индустрияландыру үшін қолайлы орта қалыптастыру; •    экономикалық әлеуетті өңірлік ұтымдыұйымдастыру негізінде экономикалық өсім орталықтарын құру; •    экономиканың басымдықтағы секторларын дамыту барысында мемлекет пен бизнестің тиімді ықпалдастығын қамтамасыз ету.

Үдемелі индустриялық-инновациялық дамыту жөніндегі мемлекеттік бағдарламаны іске асыру нәтижесінде Қазақстан 2014 жылға қарай төмендегідей негізгі көрсеткіштерге қол жеткізуі тиіс:

7 триллион теңгеден кем емес ІЖӨ өсімі, нақтылы түрде ІЖӨ өсімі 15%-ды құрайды;  ІЖӨ құрылымындағы өңдеу өнеркәсібінің үлесін 12,5%-дан төмен емес деңгейге дейін арттыру; экспорттың жалпы мөлшерінде шикізаттық емес экспорт үлесін 40%-дан төмен емес деңгейге дейін арттыру; өңдеуші өнеркәсіп өндірісінің жиынтық мөлшеріндегі шикізаттық емес экспорт үлесін 43 %-дан төмен емес деңгейге дейін арттыру; өңдеуші өнеркәсіпте еңбек өнімділігін 1,5 еседен кем емес мөлшерде арттыру.

P.S.

Сөз соңында айтарым, осындай ҰЛТТЫҚ ҚОРдан бұған дейінгі мемлекеттік бағдарламаларға бөлінген қаражаттарға ТОЛЫҚ ревизия жасайтын күн туды.

Және жәй РЕВИЗИЯ жасап қоймай, оған қатысты жауапты, лауазымды адамдардың бәрінің атын атап, түсін түстеу керек. Жесе желкесінен қысып, құстыру керек. Әйтпесе, олар Ұлттық қордың «сұраусыз» қаржысын осылай жеп кете береді, өтейтін тағы – сорлы халық.