28.07.2022, 12:20

Тараз тұрғыны Меркі шипажайындағы әйелдің сөмкесінде бомба бар деп полицияны алдады

Оқиға орнына жедел түрде жеткен аудандық полиция қызметкерлерімен аумақты тексеру барысында ешқандай жарылғыш зат және күдікті азаматша анықталған жоқ.

Жамбыл облысында террорлық әрекет туралы жалған ақпарат берген күдікті ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат. 26 шілде сағат 15:00 шамасында Тараз қалалық полиция басқармасының жедел бақылау орталығына беймәлім адам қоңырау шалған.

Ол тұлға «33 жастағы әйелдің Меркі шипажайына сөмкесіне жарылғыш зат салып бара жатқанын» хабарлаған. Оқиға орнына жедел түрде жеткен аудандық полиция қызметкерлерімен аумақты тексеру барысында ешқандай жарылғыш зат және күдікті азаматша анықталған жоқ.

Меркі полициясы мен ҰҚК қызметкерлерi террорлық әрекет туралы көрiнеу жалған ақпарат берген 41 жастағы Тараз қаласының тұрғынын ұстады. Күдікті кінәсін толық мойындап, аудандық уақытша ұстау изоляторына қамаққа алынды.

Қазіргі уақытта аталған дерекке қатысты ҚР Қылмыстық Кодексiнiң 273-бабымен сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.