$ 494.87  520.65  4.91

Атыраулықтар 355 млн теңге көлік салығын төлемеген

9 мыңға жуық тұрғын көлік салығын төлемеген.
Фото: ашық дереккөзден
Фото: ашық дереккөзден

Атырау облысы тұрғындарының көлік салығына берешегі 355 млн теңгеге жеткен.

Облыстық Мемлекеттік кірістер департаментінің басқарма басшысы Нұрболат Сармановтың мәліметінше, 9 мыңға жуық тұрғын көлік салығын төлемеген. Олардың берешегі қазір 355 млн теңгені құрап отыр. Негізгі қарыз 283 млн теңгеге жуықтаса, 72 млн теңгеден астамы – өсімпұл.

«Ең үлкен қарыз сомасы Атырау қаласында тіркеліп отыр. Шаһар тұрғындарының көлік салығына 278 млн теңге көлемінде берешегі бар. Одан кейін Жылыой ауданындағы автокөлік иелері 37 млн теңге көлемінде салық төлемеген. Ал Құрманғазы ауданы жүргізушілерінің мемлекетке қарызы 16,5 млн теңгеге жетті», - дейді Нұрболат Сарманов.

Айтуынша, көлік иелерінің көбі салыққа салғырт қарайды. Көлік салығы айлық есептік көрсеткіш негізінде есептелетіндіктен, жыл сайын өсіп отырады. Оның үстіне жеңіл автокөлік 2013 жылдың 31 желтоқсанынан кейін құрастырылса немесе осы уақыттан кейін Қазақстан аумағында тіркелген болса, онда салық көлемі тіптен ұлғаяды. «Мәселен, 3000-3200 текше сантиметр – 35 АЕК, 3200-3500 текше сантиметр – 46 АЕК, 3500-4000 текше сантиметр – 66 АЕК, 4000-5000 текше сантиметр – 130 АЕК және 5000 текше сантиметрден жоғары – 200 АЕК деп белгіленген. Салық төлеу үшін мемлекеттік кірістер органдарына барудың қажеті жоқ.

«е-Salyq Azamat» мобильдік қосымшасын орнату арқылы салық көлемін біліп, онлайн төлеу жеткілікті. Сондай-ақ қазақстандықтар екінші деңгейлі банктердің қосымшаларын пайдалана алады», -дейді Нұрболат Сарманов.

Айта кетейік, 2022 жылдың 1 сәуірінен бастап елімізде 1 АЕК – 3180 теңгеге тең.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары

Тегтер:

#салық #Атырау